Қазақстанда әскер қатарындағы сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Соңғы үш жылда 270 жауынгер ел аман, жұрт тынышта Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза тапты. Бұл 2023 жылғы статистика. Ал осы жылдың бір жарым айындағы көрсеткіш тіпті қорқынышты. Әлеуметтік желіде тарайтын ақпараттарда бейбіт күнде қаза тапқан жас жігіттердің табыты мен жауап іздеген аналардың жанайқайы халықтың жүрегіне әбден батты. Қоғам бұл жағдайды кездейсоқ оқиғалар деп қабылдаудан қалған. Көпшілік түсінген бір шындық бар. Бұл — жүйелі дерт. Caravan.kz медиа порталының тілшісі қасіретке айналған тақырыпты жан-жақты саралап көрді.
Бір жарым айда әскерде төрт сарбаз қаза тапты
17 қыркүйек күні Алматы облысында әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек қаза тапты. Әскери бөлім басшылығы жас сарбаздың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Алайда марқұмның туыстары ресми нұсқаны жоққа шығарып, оның өлімі қолдан ұйымдастырылды деп санайды.
23 қыркүйек күні Жетісу гарнизонында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бір әскери бөлімінде сарбаз қаза болды. Қайғылы оқиға Жоспарлы жауынгерлік дайындық сабақтары барысында болған. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан мерзімді қызметтегі әскери қызметші қарудан жарақат алып, қаза тапты. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
27 қыркүйек күні Қызылорда қаласынан Алматы облысы, Қарасай ауданындағы шекара қызметіне келген 19 жастағы Нұрасыл Әнуар тура бір аптадан соң өмірімен қоштасты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше, алдын ала медициналық қорытындыға сәйкес, өлімнің себебі – менингококцемия. Алайда марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр. Айтуларынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығында еш кінәрат болмаған.
Күні кеше Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы Еркебұлан Сағындық көз жұмды. Әскери бөлімдегілер туыстарына сарбаздың жанармайға уланып қайтыс болғанын айтқан. Бірақ қара жамылған отбасы әскери қызметкерлердің сөзіне сенбейді. Себебі Еркебұлан қатты қиналып жүргенін айтып, жиі ақша сұраған екен.
Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96 әскери қызметші, 2022 жылы – 85 әскери қызметші қаза болған. Олардың ішінде 91 әскери қызметші қызмет барысында қаза тапқан, ал қалған 179 әскери қызметші қызметтен тыс уақытта көз жұмған. Соңғы екі жылдағы статистика әлі жоқ, десе де, осы бір жарым айда төрт сарзабдың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Депутаттың жанайқайы
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева парламент мінберінен дәл осы мәселеге тоқталды. Ол әскердегі қатыгездік, сарбаздардың өлімі мен өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларына алаңдаушылығын ашық білдірді.
«Мені бұл жағдай бей-жай қалдырмайды. Әскердегі сарбаздардың қаза табуы, өз-өзіне қол жұмсауы бір реттік трагедия емес, бұл жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі мәселе. Бұл әскери тәрбие мен бақылау жұмысының әлсіздігін көрсетеді», — деді депутат.
Дементьеваның айтуынша, бүгінде әскерде оның туған ұлы да борышын өтуде.
«Аналар бейбіт уақыттың өзінде ұлдарын қорқынышпен шығарып салады. Әскердегі әрбір өлім қоғамның ғана емес, мемлекеттің де абыройына дақ түсіреді. Шынайы шаралар қашан қабылданады? Қашан аналар баласын қорықпай шығарып салады?» — деді ол.
Министрлік не дейді?
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев армияда психологиялық көмек қызметі кеңейтіліп жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінде Қарулы күштер қоғамдағы және отбасындағы түрлі шынайы көріністермен бетпе-бет келіп отыр. Сол себепті біз бар психологиялық орталықтардың мүмкіндігін барынша пайдаланудамыз. Telegram-боттар іске қосылды, олар тәулік бойы сарбаздарға және олардың отбасыларына анонимді көмек көрсетеді», — деді ол.
Алайда бұл жауап Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваны қанағаттандырмады.
«Егер мәселе тек психологқа тіреліп тұрса, баяғыда шешілер еді. Негізгі жұмыс әскери бөлімдердің өзінде жүргізілуі тиіс», — деді ол.
Бейбіт күнде, тыныш елде, соғыссыз заманда сарбаздың өлімі – бұл жеке отбасының трагедиясы емес, ұлттық деңгейдегі қасірет. Сарбаз соғыс даласында емес, өз жерінде, өз командирінің қарауында көз жұмады. Ал командир үнсіз. Жоғары жақтағылар да түсініктеме беруге асықпайды. Бір сәттік тексеріс, бірнеше жолдық баянат – содан кейін ұмыт қалатын тағдырлар.
Жауапсыздық пен әділетсіздік тамыр жайған ба?
Кезінде офицер сөзі – заң, тәртіп – темірдей мықты еді. Бүгінде ол жүйе бос қаңқаға айналған. Жауапкершіліксіздік, жемқорлық пен көзбояушылық адамның өмірін екінші орынға ысырып тастады.
Осы ретте қоғам белсендісі Айткүл Құлмағанбетова әлеуметтік теңсіздіктің барын алға тартып, отан алдында қасиетті борыныш өтейтіндерге тоқталды.
«Әскерге көбіне жұмысшының баласы, ауылдағы қарақұрық ұстайтынның баласы, төмендегі қараша халықтың ұлан ұлдары. Кәмелеттік жасқа толады. Қасиетті борышың деп әскерге жібереді. Дұрыс, Отанды қорғау керек. Отан оттан ыстық. Бірақ, әскерге барған азамат, табанымен сау барып, табытпен оралып жатқанда күйінеді екенсің. Адамзатқа тірлік дәулет деген. Отыз жыл бойы ұры мен қарының, қарынбай мен құлқынбайдың, елді тонаған, өтірікпен аңыз әңгіме айтқандардың ықпалымен жүріп, енді елдің көзі ашылып, жаңа заманның ырғағымен қалыптасып кетеміз бе дегенде, әлеуметтік желінің бетінен іші өлген, сырты сау аналардың жанайқайы дүйім елді дүр сілкіндіріп отыр», — деп жазды ол.
«Әскер – әділеттің айнасы болуы керек»
Қоғамда өсіп келе жатқан ашу мен түңілістің астарында бір шындық жатыр – әскердегі теңсіздік пен рухани күйреу. Тәртіп жоғалған жерде намыс та әлсірейді. Офицерлердің кейбірі мемлекеттік тілге менсінбей қарайды, сарбазға үстемдікпен сөйлейді, ал сарбаз – қорлық пен қорқыныштың арасында қалады.
Тіл мен ділден айырылған жүйе ешқашан нағыз отансүйгіш сарбаз тәрбиелей алмайды.
«Тілсіз жерде діл де, діңгек те болмайды. Ал діңгексіз елде патриотизм туралы айту — бос ұран. Әскердің рухы – тіл мен намыстан басталады».
Ең сорақысы — баласын табытпен қарсы алған ананың жанайқайы. Әр өлімнен кейін қайталанатын бір ғана сценарий бар: “тергеу жүріп жатыр”, “асылып қалған”, “жүрегі тоқтаған”…
Бірақ ешкім нақты жауап бермейді.
Қоғам болса, тағы да ұмытады.
«Қалай өлді, неден өлді? Кім үшін өлді? Аспанымыз алабұлтты болса, дауыл соғып, өрт жалмап тұрса, сол алабұлтты аспанның астында шейіт кетіп жатса, Отан үшін отқа түсті, содан кетті деп иман байлығын іштен тынар едік.Тәуелсіз, аспаны ашық елде құрдан-құр өліп жатқандығы жұмбақ. Жауынгер өлсе-командирі, жоғары басшылары неге жауапқа тартылмайды!?»- деп күйінеді автор.
270 сарбаздың өмірі жай ғана статистика емес, ұлттың ар алдындағы сұрағы. Қоғамның сенімін қайта ояту үшін, әрбір азаматтың, әр офицердің, әр басшының жүрегінде Отан алдындағы борыштың қадірі қайта оралуы керек дейді мамандар.
«Заң бәріне ортақ болуы тиіс. Министрдің де, әкімнің де, депутаттың да баласы қарапайым халықпен бірге әскерге барсын. Сонда ғана армия әділдік пен сенімнің мекеніне айналады. Қарақұрықтының баласы -бала да, олардың баласы бала емес пе, бала! Отан ортақ! Отанды қорғау олардың міндеті. Талап осы я жоғары жақ -дұрыс дер, я болма сандырақ дер. Мен үшін-әр қазақтың баласы ертеңгі еліме нық қағылар қазық. Ол қазықты ортаң белінен сындыруға ешкімнің қақысы жоқ», — деп түйіндеді ойын Айткүл Құлмағанбетова.