Бір жерде 345 жыл еңбек еткен металлургтар династиясын білеcіз бе - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бір жерде 345 жыл еңбек еткен металлургтар династиясын білеcіз бе

Бір жерде 345 жыл еңбек еткен металлургтар династиясын білеcіз бе

Балқаш – бұл еңбекшілер қаласы. Мұнда күндіз-түні қайнаған қызу тіршілік. Қатал табиғат құрсауындағы қаланың дәл осылай жанданғанына талай заман болды. Өңір халқына қызу тіршілік сыйлаған кен орны ашылғалы бері жас қалада жаңа өмір басталған.

  • 26 Маусым 2018
  • 146
Фото - Caravan.kz

Балқашта кез келген сала бойынша жетістікке жеткен азаматтар баршылық. Әсіресе көпшілікке үлгі болатын еңбек ардагерлері, құрметті азаматтар жетіп артылады. Тіпті тұтас отбасымен бірге бүкіл қала халқына танылған жанұялар да бар.

 Арзымбетовтар династиясы

Арзымбетовтар әулетін Балқаш халқы металлургтар династиясы деп атайды. Ол сөздің жаны бар. Себебі бір әулеттің бірнеше адамы Балқаш мыс қорыту зауытында тындырымды еңбек етіп келеді. Жай ғана жұмыс істемей өздерінің адал еңбегінің арқасында түрлі марапатқа ие болып жүр.

Әулеттің үлкені Мақат АРЗЫМБЕТОВТЫҢ айтуынша, комбинатта төрт ұрпақтың өкілдері жұмыс істеген екен.

— Біздің әулетіміздің ең үлкені, ағамыз Марат Арзымбетов Балқаш мыс зауытында балқытушы болып еңбек етіп жүрді. Сол кісінің жолын қуып, мен де металлург мамандығын таңдадым.

Бір жерде 40 жыл еңбек етіп, I, II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталдым.

Артымызда ұрпақтарымыз біздің еңбекті жалғастырып келе жатыр. Зауыт басшылығы, кәсіподақ әкімшілігі еңбегімізді елеп, ардақтап көтеріп жатыр.

Ардагер жұмысшы Балқаш қаласындағы 10 жылдық Абай атындағы орта мектепті бітірген. Кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеп, туған қаласына оралады. Еңбек жолы да сол кездері басталған. Туған ағасының қасында жүріп, мыс балқыту зауытының ауыр тіршілігіне қызу араласып кетеді.

— Мен жұмысқа алғаш келген кезде қазіргідей сұйық отындағы «Ванюков пештері» емес, басқа тәсіл қолданылатын. Жұмыс өте қиын болды. Шаң-тозаң, улы газ көп болатын. 1985 жылы алғашқы «Ванюков пештерін» қосты. Содан бері жұмыс жеңілдеді. Қазір жастар еңбек етіп жатыр. Оларға үйреттік. Сол 1985 жылғы пештің қосылғаны ерекше есімде қалды,- дейді еңбек ардагері Мақат АРЗЫМБЕТОВ.

Жалпы еңбек өтілі 46 жыл болған ардагер мыс балқытушы ретінде 1978 жылдан бері тер төккен. Ал бүгінде бір ғана осы әулеттің оннан аса мүшесі металлург мамандығын таңдаған әрі жемісті еңбек етіп келеді.

Мақат мырзаның әкесі де екінші дүниежүзлік соғыс кезінде аталған зауытта жұмыс істеген екен.

Жалпы бүгінде зауытта әулетің төртінші ұрпағы еңбек етіп жүр. Ал Арзымбетовтар әулетіндегі металлургтердің барлығының еңбек өтілін қосқанда 345 жылды құрайды.

— Қазір артымызда немере балам Асхат Сағымбаев зауыттың конвертер бөлігінде мастер, одан кейін Мадияр келе жатыр. Ол мыс балқыту цехында слесарь жөндеуші болып жұмыс істейді. Ерлан монтаждау басқармасында, Асқар деген інім ол да біздің цехта слесарь жөндеуші болып жұмыс істейді,- деді ел ағасы.

Әулеттің ұрпақтары әке жолын қуды 

Атақты Арзымбетовтар әулетінде биік марапат алған өзге де жандар бар. Солардың бірі әулеттің атына кір келтірмей, отбасы туын жоғары ұстаған келіні Қанымжан ИМАНҒАЛИЕВА.

— Мен осы әулеттің келіні боламын. Балқаш мыс балқыту цехында 35 жыл жұмыс істедім. Әрине сол үшін менің де еңбегім бағаланып, I дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін берді. Басқа да мақтау қағаздарым бар. Еңбегіміз еленіп жатыр. Барлығына рахмет, міне ағамыз да құрметті азаматқа айналып жатыр.

Арзымбетовтар династиясының тағы бір мүшесі Тілеухан СЕЙІТҚЫЗЫ. Ол да бұл әулетке келін болып келеді. Жастайынан көппен бірге Балқыш мыс қорыту зауытының жұмысына араласқан. Балалары да осы жолды өз еркімен таңдапты.

— Электролиздеу цехында 32 жыл еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Еңбегіміз марапатталып дәрежелі болып отырмыз. Ұлым Асхат 15 жылдан бері еңбек етуде. Үлкен әкелеріне, ағаларына қарап мен де сол жолды таңдаймын деп өзі шешім қабылдады.

Бірнеше дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін таққан ардагердің ағасы Марат Арзымбетов та інісімен бірге 40 жылын аталған зауытқа арнапты. Республикалық, облыстық, қалалық мақтау қағаздарын иеленген. Кеңес Одағы кезіндегі талай социалистік жарыстардың жеңімпазы болған.

Бұл туралы оның жұбайы Үндемес ТЕЛЖАНҚЫЗЫ айтып берді.


— Менің жолдасым зейнеткерлікке шыққан соң да 5 жыл Балқаш мыс зауытының Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеді. Әрине, өзінің қиындықтары болды, ауырды. Бірақ сонда да талмай еңбек етті.Үнемі ардагерлерге, соғыс ардагерлеріне, тыл ардагерлеріне, өзінің әріптестеріне жақсы болсын деп ақылдасып, кеңесіп, сауықтыру орталықтарына апарып, қол ұшын созудан жалықпады.

Өмірден өткенінен екі жыл болды. Әрине шүкіршілік етеміз, өйткені бауырлары, інілері немерелері ата жолын қуып жалғастырып келе жатыр

Соңғы жылдары жүргізілген өндірісті жаң­ғырту, технологиялық үдерісті жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс, ұжымға жігерлі жастардың келуі және интеллектуалдық қуаттың өсуі балқаштық металлургтардың болашаққа сеніммен қарауына негіз болды. Сондай жас өрендердің бірі Асхат САҒЫМБАЕВ.

Өзінің айтуынша, ағалары мен әкелері көрген қиындықтарға қарамастан ол да мыс балқыту зауытындағы жұмысты таңдаған.

— Осы династияның өкілімін. Еңбек өтілім 17 жылға ұласты. Қазір соңғы екі жылда учаске мастері болып жұмыс істеймін. Мен өзім бала кезден ағамның, әкемнің қасынан айналшықтап шықпайтынмын. Олар жұмыстан келсе барлық сый-құрмет осы кісілерде болды. Ол уақытта жұмыстың қаншалықты ауыр екенін түсінбейтінбіз. Кейін газет беттеріне шыққанда ғана, есейгенде барып қаншалықты құрмет екенін ұқтық.

2002 жылы жаз мезгілінен бастап зауытта істедім. Алғашында ыстыққа, ауыр жұмысқа шыдамай қиналып, өкіндім.

Бірақ мойнымда жауапкершілік тұрды. Атақты династияның баласы шыдамады, әлсіз деген сөз болмасын деп тырыстым. Ақыры үйреніп кеттік,- деді Асхат САҒЫМБАЕВ.

Бүгінде Асхат Балқаш мыс қорыту зауытындағы өте белсенді жастардың бірі. Сан мәрте «ең жас үздік жұмысшы» іспетті көптеген марапаттарға ие болды. Бұған қоса ол зауыттағы түрлі спорттық және мәдени шаралардан қалыс қалған емес.

Өзінің айтуынша, бұл тұрғыда «Қазақмыс» өте дамыған құрылым.

— Өте көптеген шаралар болады. Өзім басым футбол командасындамын. Түрлі цехтармен сайыс өткіземіз. Баскетбол, волейбол бар, соңғы кездері тренажер залдарын енгізді. Бассейнмен келісім жасалып жатыр. Зауыттың бір ұнайтыны осындай шаралардың көптігі. Өйткені біз тек қана жұмыс-жұмыс деп жүрмейміз. Түрлі шараларға, жарыстарға қатысамыз,- деді династия өкілі.

Бүкіл қалаға танымал, елге сыйлы әулет үнемі отбасылық мерекелерде, той-томалақтарда бір жерден табылады. Айтулы күндерді ешқашан бос жібермеуге тырысады.

— Барлығымыз бірге қуанышта да, қайғыда да біргеміз. Бірге алаңдаймыз, бірге қуанамыз. Той, мерекелерде бірге атап өтеміз.Жиналмай жатсақ хабарласып қоямыз. Біздің әулетте өте тығыз қарым-қатынас орнаған. Сол үшін мақтанамын,- дейді аталған әулетке келін болып түскеніне 20 жыл болған Айжан АРЗЫМБЕТОВА

Арзымбетовтар отбасында өскелең жас буын өсіп келеді. Әулеттегі металлургтар болашақта зауыттағы жұмыс қазіргіден де жеңіл болады деп үміттенеді. Қазірдің өзінде әулетте ұрпақ сабақтастығын жалғастырғысы келетін балалар бар. Дегенмен тәжірибелі аға буын олардың металлург болғанын қаламайды екен.

Мәселен үш баланың әкесі Асхат САҒЫМБАЕВ ұрпақтары өзі жүріп өткен жолды көрмесе екен дейді.

— Шынымды айтсам өзім жүріп өткен жолдарды, қиындықтарды балаларыма тілемес едім.

Әрине, металлургтар династиясын жалғастырғанын қалаймын. Бірақ, бірінші кезекте өз таңдаулары біледі. Оларға қысым жасап, әдейі осы салаға тартпаймын. Өйткені металлург бола білу керек. Меніңше кемінде 10 жыл үздіксіз жұмыс істеген адам ғана өзін нағыз металлург санай алады.

Бұл бір әулеттің бас қосқандары ғана. Балқаш қаласы үлгілі металлургтар отбасыларынан кенде емес. Бұл үрдіс жалғаса да береді. Зауытта еңбек етіп жүрген мыңдаған адамның арасынан әлі талай тарландардың шығатыны сөзсіз.