Зерттелген кәсіпорындардың басым бөлігі (38,6 проценті) сауда-саттық, автокөлік жөндеу және күнделікті тұтынымдық бұйымдарды жасауға машықтанған. «Қаржыны тез айналымға салуға мүмкіндік беретіндіктен және аса көп мөлшерде капитал жұмсауда талап етпейтіндіктен аталмыш қызмет түрлері шағын кәсіпорындар үшін ең тиімді болмақ»,- дейді агенттіктегілер.
Өнеркәсіпті жолға қойған шағын кәсіпорындар саны аз, алайда, олардың саны да арта түсуде. Мәселен, 2003-жылғы 1-қазанда Қазақстанда 8,1 мың өнеркәсіптік шағын кәсіпорындар жұмыс істесе, 2004-жылғы 1-қазанда олардың саны 8,3 мыңға дейін артты.
2004-жылғы 1-қазандағы жағдаймен 19,6 мың кәсіпорынның шеккен жалпы шығын көлемі 46,4 млрд. теңгені құраған. Ал 24,6 мың шағын кәсіпорын 79,6 млрд. теңгенің пайдасын тапты. 2004-жылғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша шағын кәсіпорындар іс-қызметінің жиынтық қаржылық нәтижесі оң көрсеткішті құрап, 33,2 млрд. теңге болды.
2004-жылғы маусым-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ең жоғары кері сальдоға ие болған кәсіпорындар арасында ауылшаруашылығы, аң және орман шаруашылығы, сондай-ақ, коммуналдық, әлеуметтік және жеке қызмет көрсетуші кәсіпорындар бар. Сауда-саттық, құрылыс және қаржылық іс-қызметпен шұғылданушы кәсіпорындар біршама салмақты қаржылық нәтижеге қол жеткізді.
2004-жылғы 3 тоқсанда республиканың 16 аймағы арасынан тек екі өңір ғана, атап айтсақ, Ақмола және Қостанай облыстары шығынмен шықты. Мұндағы кері сальдо тиісінше 71,5 млн. теңге және 901,3 млн. теңгені құрады.
Қаржылық-шаруашылық іс-қызмет нәтижесінде 2004-жылғы 3 тоқсанда шағын кәсіпорындар өнім (тауар, жұмыс және қызмет түрлерін) сатудан 888,1 млрд. теңгенің пайдасын тапты. Бұл 2003-жылғы 3 тоқсандағыдан 1,4 есе артық. Ал жалпы кірістің жартысынан астамын (522,9 млрд. теңге немесе 58,9 процентін) сауда саласындаы кәсіпорындар қамтамасыз етті.
Аймақтар бойынша алсақ, кірістің басым бөлігін Алматы (372,1 млрд. теңге немесе 41,9% ), Астана (123,6 млрд. теңге немесе 13,9%) және Қарағанды облысындағы (58,3 млрд. теңге немесе жалпы кірістің 6,6%-і) кәсіпорындар тапты. Жамбыл (10,5 млрд. теңге немесе 1,2%) және Қызылорда (6,2 млрд. теңге немесе 0,7 процент) облысындағы кәсіпорындар ең аз пайда тапты.