Жарияланды: 450

Бірде-бір дін зұлымдыққа, қантөгіске үндемейді

10 желтоқсан күні Орал қаласында «Дінде экстремизм жоқ!» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Конференцияда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты арқасында мемлекетімізді мекендейтін этностар тату-тәтті тірлік кешуде. «Бірлігі жарасқан еліміз саяси-экономикалық, гуманитарлық дамуы арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алды. Бір ғана мысал, Астанадағы әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің тұңғыш басқосуына бар болғаны 17 елден делегат қатысқан болса, соңғы өткен форумға 40 елден 85 делегат келді. Қазақстанның сыртқы аренадағы биік беделі бізге 2017 жылы әйгілі ЭКСПО халықаралық көрмесін ұйымдастыру құқығын беріп отыр. Жасырын дауыс берген 161 елдің 103-і Қазақстанға қолдау білдірген. Әрине, бұл біздің жетістігіміз. Сонымен қатар бүгінгі жиында қоғам тұтастығына қауіп тудырған келеңсіз ағымдарды ауыздықтау мәселесіне баса назар аудармаса болмайды. АҚШ-тағы «11 қыркүйек оқиғасы» естеріңізде шығар. Көрші тұрған егіз ғимаратты жарып жіберген кезде батыс жұртшылығы: «ой бұл ислам экстремистерінің әрекеті» деп шулады. Сол кезде біздің Елбасымыз: «Мен оған түбегейлі қарсымын. Дінде экстремизм болмайды. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін» деп кесіп айтқанын білеміз. Ендеше, осы конференцияда біраз мәселенің басын ашып алуымыз қажет», - деді әкім. ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф: «Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Атеизмге иек артқан кеңестік идеология бұғауы босағаннан кейін біз ата-бабамыз ұстанған асыл дініміз - исламға қайтып оралдық. Бүгін таңда дін қоғамның ажырамас бөлшегі, сондықтан, мемлекет арнайы Агенттік құру арқылы дін саласына қолдау көрсетіп отыр. Қазақстандағы жалпы, жағдай тұрақты. Дегенмен елдің батыс өңіріндегі келеңсіздіктер бізді ойландырады. Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, осы 10 ай ішінде елімізде лаңкестікке қатысты 112 қылмыс анықталыпты. Арнайы қызметтер 24 лаңкестік оқиғасының алдын алған. Халықаралық экстремистік ұйымдардың 68 мүшесі тұтқындалған. Соңғы бес жылда өзге елдердің аумағында лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен 40 Қазақстан азаматы қамауға алынған. Осыны ескере келгенде шығатын қорытынды - дін атын жамылып адасып жүрген азаматтарымызды қоғамға оралтудың өзектілігі. Дінде экстремизм жоқ. Бірде-бір дін зұлымдыққа, қантөгіске үндемейді. Дінде экстремизм болмауы үшін, қоғамда тыныштық орнауы үшін бізге не керек? Бізге ең алдымен - азаматтардың діни сауатын арттыру керек» - деді. Осы мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл да өз ойын білдірді. «Мүмкіндігі мен қиындығы қатар ұсынылып отырған заманда оңымыз бен солымызды танитын, намысымызды жанитын кез келді. Дін жолы деп жастарымызды адастырып жатқан жат ағымдарға оқу-білім арқылы тоқтау салуға болады. Анау Кавказдағы, Шешенстан мен Ауған жеріндегі қантөгістерден сабақ алуымыз керек. Өз халқын жікке бөліп, бір-біріне айдап салып, қырған ел ешқашан өрге баспайды. Бүгінгі содыр деп жүргеніміз де шеттен келген адам емес, өз бауырымыз, қандасымыз. Олай болса мәселеге қоғам болып қарап, шешу жолдарын іздегеніміз жөн», деді депутат. ҚР Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) аппарат басшысы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, басқарма тарапынан жамағатқа діни дұрыс ақпарат беру бағытында нақты жұмыс бар. Университет пен жер-жерде ондаған медреселер жыл сайын дін саласы қызметкерлерін әзірлеп жатыр. Дегенмен, барлық мәселені ҚМДБ-ға артып қоюға болмайды. Мемлекеттік органдар мен дін саласы өкілдерінің бірлескен жұмысы ғана өз жемісін бермек. Осы жерде Балғабек Әбдіқайымұлының сөзін әрі қарай сабақтаған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев діни сауаттылық мәселесіне тағы да мән беруге шақырды. -Жастардың діни сауатын көтеру керек. Әйтпесе, бір-екі хадисті жаттап алып, Құранды толық білемін деп, уағыз айтатындар да бар. Әрине, ешкімді кінәламаймын, әркім Құдайға өзі жетуі тиіс. Бірақ, имамы сауатты болса, жамағаты да оны тыңдауға құштарланады. Осы мақсатта Орал қаласында медресе ашылды, мемлекеттен еш қаржы алмайды, қайырымды, иманжүзді азаматтар өздері ұстап отыр. Оның түлектері бүгінде Қазақстанның біраз жерлерінде қызмет етуде - деді Нұрлан Асқарұлы. Қоғам қайраткері, Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы экстремизмнің бір себебі ретінде әлеуметтік факторды қоса қарастыруды ұсынды. «Жастардың теріс жолға түсуіне жұмыссыздық, білім мен мамандық ала алмау, демократиялық институттардың әлсіздігі ықпал етуі мүмкін. Анадан ешкім экстремист болып тумайды, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер түрткі болуы да ғажап емес», деді ғалым. Амангелді Әбдірахманұлының сөзіне орай өз пікірін білдірген облыс басшысы негізінен ғалымның пікірімен келісетіндігін айта келе, мынадай ойларын ортаға салды. -Біз тәрбиенің отбасынан басталатындығын ұмытпауымыз керек. Бәрін билік жасасын деуге де болмайды. Қоғамның әр мүшесі жауапты. Ақсақал өз сөзін айта алмаса, жастар өзгенің жетегіне ереді. Жас шыбық секілді жел қайдан соқса, сол бағытқа иіледі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, енді жаһандану үрдісі тоқтамайды. Жұтылып кетпеу үшін өзімізді өзіміз қолға алуымыз керек. Елбасы тапсырмасымен Жастар комитеті құрылды, облыстарда жастар басқармаларын аштық. Енді біртіндеп олардың құзіретін арттыруға күш салу заман талабы деп есептеймін - деді Нұрлан Асқарұлы. Басқосуда, бұдан бөлек Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкірдің, ақтөбелік «Аңсар» оңалту орталығының атқарушы директоры Асқар Сабдиннің, тәжікстандық ғалым, философия ғылымдарының докторы Давлятходжа Назировтың баяндамалары тыңдалды. Пленарлық мәжіліс соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тәжікстандық ғалым Д.Назировқа қазақы дәстүрмен шапан кигізіп, «Терроризмнің келбеті жоқ» атты жаңа кітабының жарық көруімен құттықтаса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыс түрінде жалғасып, арнайы қарар қабылданумен мәресіне жетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін