Бірінші жарты жылдықта корпоративтік кіріс салығы бойынша ағымдағы аванстық төлемдер көлемінің азаю ағымы байқалды. Алайда, министрдің айтуынша, салық мекемелерінің белсенді жұмысы арқасында шілде айында осындай түсімдер көлемі 3,5 млрд. теңгеге артқан.
Экспорт көлемінің 50%-ке артуы нольдік ставка бойынша өтелетін Қосымша Құн салығы мөлшерінің артуына апарып соқты. Осындай өтемдер мөлшері 32 млрд. 938 млн. теңгені құрады. «Қосымша Құн салығы бойынша өтемдердің заңдылығына қойылатын бақылауды күшейту үшін Қаржы министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы мен кедендік бақылау және қаржы полициясы агенттіктері бірлесе отырып қадағалау, тексеру шараларын жүзеге асыра бастады. Осы бағытта жыл соңына дейін жалған есеп-фактураларды автоматты түрде әшкерелейтін модульды іске қосу жоспарланып отыр»,- деді Е.Досаев.
Спиртті өнімдерге салынатын акциздік алым жоспары бұрынғыдай орындалған жоқ. Мәселен, қаржы министрінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері бюджетке 2 млрд. 875 млн. теңге пайда қосылды. Ал жылдық жоспар 3 млрд. 728 млн. теңгені құрайды. Осыған байланысты министрлік алдағы үш жыл ішінде спиртті өнімдер рыногіне қойылған кейбір шектеулерді қайтадан қарап, технологиялық бақылау жүйесін іске қосуды межелеп отыр. «Спиртті өнімдерге акциздік ставканы азайту дұрыс деп санаймын»,- деді қаржы министрі.
Е.Досаев сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден заңды тұлғаларға таратылған несиені қайтару бағытында жергілікті атқарушы биліктердің салғырттық танытып отырғанын атап көрсетті. Бірінші жарты жылдықта осындай несиелерді қайтару жоспары 40,7%-ке орындалған.
Соған қарамастан, министрдің айтуынша, шағын кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялаудың арқасында бюджеттік түсімдер 20%-ке артқан.