Бірқатар мемлекет елшілері Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бірқатар мемлекет елшілері Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Бірқатар мемлекет елшілері Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілер болып тағайындалған дипломаттардан Сенім грамоталарын қабылдады.

  • 26 Қараша 2012
  • 632
Фото - Caravan.kz

«Сіздерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттер арасындағы жан-жақты, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Қазақ елінің сәулетті елордасы әсем Астанаға хош келдіңіздер»,-деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде осыдан 14 жыл бұрын Ұлы Жібек жолында, Еуразия құрылығының жүрегінде қоныс тепкен қазақ елінің жаңа елордасы әлемге танымал шаһарға айналғандығын баса айта келе: «Өздеріңіз білесіздер, жақында Парижде Халықаралық көрмелер бюросында сайлау нәтижесінде Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу шешімі қабылданды. Бұл жас елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай теңдесі жоқ сый болатыны сөзсіз», — деді.

Айта кетейік, Елбасына Норвегия Корольдігінің Елшісі Оле Йохан Берной, Египет Араб Республикасының Елшісі Набила Ибрагим Салама Фархана, Өзбекстан Республикасының Елшісі Алишер Салахидинов , Израиль Елшісі Элияу Тасман, Индонезия Елшісі Фостер Гултом, Сербия Елшісі Владимр Миркович Сенім грамоталарын табыстады.
Қазақстанның АСЕАН-ның Қауіпсіздік жөніндегі қоғамының мүшесі болуға ұмтылысына Индонезия қолдау көрсетеді деп сенеміз.

«Индонезияны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең маңызды әріптесі ретінде қарастырамыз. Менің Джакартаға биылғы ресми сапарым барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар уағдаластықтарға қол жеткіздік»,-деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ өз сөзінде ағымдағы жылы Индонезияда Қазақстанның Елшілігі ашылғандығын атап өткен ҚР Президенті, аталмыш елмен екіжақты форумдарда, әсіресе, Ислам ынтымақтастығы ұйымы арасындағы әрекеттерді жоғары бағалайтындығын жеткізді.

«Индонезия АСЕАН елінің белді мүшесі және көшбасшысы. Осыған орай Қазақстанның АСЕАН-ның Қауіпсіздік жөніндегі қоғамының мүшесі болуына ұмтылысына Индонезия қолдау көрсетеді деп сенеміз»,-деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Норвегиямен кең ауқымды ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетті.

«Қазақстан Норвегия Корольдігімен кең ауқымды ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетті. Біз Норвегияны Скандинавия аймағындағы болашағы зор сауда-экономикалық әріптес ретінде қарастырамыз»,-деді Елбасы.

Осы орайда ҚР Президенті ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Ослодағы дипломатиялық миссиясын елшілікке айналдыру жөнінде шешім қабылдағандығын баса айта келе: «Бұл қадам екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін береді деп үміттенеміз»,-деді Елбасы.

Қазақстан Мысырдың жаңа басшылығымен жан-жақты қатынастарды тереңдете беретін болады.

Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарында күрделі үдерістерді бастан кешіп отырған Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерімен тек жақсы байланыстарды дамытатындығын баса айтқан Мемлекет басшысы: «Осы орайда бұл өңірдегі әріптесіміз Мысырдың жаңа басшыларымен жан-жақты қатынастарды тереңдете беретін боламыз. Біз Мысыр елімен халықаралық форумдардың аясында тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз»,-деді ҚР Президенті.

Осы орайда Елбасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына Мысырдың белсенді атсалысуына ерекше ризашылық танытатынын баса айтты.
Өзбекстан Қазақстанның стратегиялық әріптесі әрі сенімді одақтасы.

«Өзбекстан Республикасы біздің тату көршіміз, стратегиялық әріптесіміз және сенімді одақтасымыз болып саналады. Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға келген ресми сапары өте нәтижелі болды»,-деді Елбасы.

Мемлекет басшысы аталған сапар аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілгендігін баса айтты.

«Өзбекстан басшысының бұл сапарында қол қойылған маңызды құжаттар мен уағдаластықтар қазақ-өзбек стратегиялық әріптестігінің дамуына жаңа серпін беретіні анық»,-деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Израиль мен Палестина арасындағы ахуалдың тез арада тұрақтанып, бейбіт жолмен шешілетініне үміт артады.

Бүгінде Қазақстан мен Израиль арасындағы достық қарым-қатынастар екі елдің мүддесіне сай дамып келе жатқандығын атап өткен Елбасы: «Қазақстан мен Израильдің арасы Еуразиялық тұрғыдан алшақ екені белгілі. Бірақ өзара байланыстарды нығайтуға бағытталған ұмтылыс, жоғары деңгейде қалыптасқан диалог біздің мемлекеттерді жақындата түседі деп сенеміз»,-деді.

Сондай-ақ, аталған аймақта орын алып отырған оқиғаларға қазақ елінің алаңдаушылық танытатындығын баса айтқан ҚР Президенті: «Ахуал тез арада тұрақтанып, бейбіт шешілетініне үміттіміз»,-деді Н. Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада еліміздің әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізеді.

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«28 қарашада Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның барлық деңгейдегі әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізіледі. Отырыс барысында аймақтарды дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік-экономикалық міндеттер, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланады»,-деп атап өтті ресми өкіл.
Қазақстан Сербиямен өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі.

«Біз Сербияны БҰҰ Бас ассамблеясы 67-сессиясының төрағалығын бағындыруымен, Еуропалық одаққа кіруге үміткер дәрежесін алуымен құттықтаймыз», — деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен іс-қимылды жалғастыру өте маңызды екендігіне тоқталған ҚР Президенті: «Бұған жақында құрылған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының тиімді қызметі мүмкіндік береді», — деді.