Бірыңғай уақыт белдеуі үшін Өскемен тұрғыны үкіметті сотқа берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Өскемен тұрғыны Серікжан Ахметжанов Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сотына үкіметке қарсы шағым түсіріп, уақытты өзгерту туралы шешімді заңсыз деп тану және күшін жоюды талап етті.
Ер адам заңгер. Ахметжановтың айтуынша, сотқа шағымдануының басты себебі – балаларының сабақтан үйге қараңғы уақытта түнде оралуы.
«Менің балаларым екінші ауысымда сабаққа 13:00-14:00-де барады, ал сабақ 19:30-да аяқталады. Ал Өскеменде негізі уақыт нақты уақыттан екі сағатқа артық. Яғни сағат 20:00 деп тұрса да, түнгі 22:00-де үйге келеді. Сосын кешкі ас ішіп, үй тапсырмаларын орындау керек», – деді ол.
Ахметжановтың айтуынша, сағат белдеуінің өзгеруі азаматтарға айтарлықтай қолайсыздықтар туғызды. Осыған байланысты ол Қазақстан аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы 2000 жылғы үкімет қаулысының күшін жоюды талап етіп, сотқа жүгінген. Өскемендік тұрғынның айтуынша, уақытты өзгерту туралы қаулыда үкіметке осы нормативтік актіні қабылдау құзіретін беретін нақты заңға сілтеме жоқ.
«Құқықтық актілер туралы заңда заңға тәуелді актілер қабылданатын заң актілері нақты жазылуы керек деп көрсетілген, бірақ ол қаулыда жоқ. Бұл –заңбұзушылық», – деді ол.
Өскемен тұрғынының айтуынша, қаулы тиісті заңды негізсіз қабылданған әрі халықтың пікірі ескерілмеген. Ал Үкімет ұқсас істермен бұрын-соңды бетпе-бет кездепеген көрінеді. Алдын ала дайындық отырыстарында министрліктің дайын емес екендігі байқалған. Сот ішкі істер министірілгіне де ескерту жасады. Олар осы уақытқа дейін нақты жауап бермей келеді. Тіпті Үкімет Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының пікірін ескермеген. Енді сот отырысы желтоқсан айының 12-і күні өтеді деп жоспарлануда.
«Біз петиция жариялап, бұл іспен күресіп келеміз. Сол позициямызды сотта да жеткіземіз. Ал Үкімет дайын емес көрінеді. Алайда олар сотта бәрінің құқығы тең екенін есепке алмаған. Сот үшін сен қарапайым тұрғынсың ба, Үкіметсің бе, министрліктен келдің бе айырмашылық жоқ», — дейді заңгер.
Заңгер Анна Чернова Жоғарғы сотқа өтініш жолдап, соттың ашық өтуін талап етіп отыр.
«Бұл істің ашық, тікелей эфирде өтуін талап етемін. Себебі бұл іс ел тұрғындарына тікелей қатысты. Сол себепті қатысуға ниетті азаматтардың қатысуына мүмкіндік беру керек. Халық уақыт белдеуіне қатысты мәселенің қалай шешіліп жатқанын білуге құқылы», — деп пікір білдірді өзінің парақшасында.