Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы Sputnik-ке хабарлайды.
24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары төрт апелляциялық шағым түсірмек.
Үш қорғаушының бірі — Ерлан Ғазымжанов шағымды кеше жіберді.
«Екі әріптесім мен Бишімбаевтың өзі де изолятордан апелляциялық шағымын жібереді» — дейді адвокат.
Шағым бір айдың ішінде қаралуға тиіс.
Ерлан Ғазымжанов үкімнің «Кісі өлтіру» бабына қатысты тұсын «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына ауыстыруды сұрап отыр. Ал үкімнің «Қорлау» бабына қатысты бөлігін мүлде алып тастау керек деген пікірде.
Еске салсақ, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталған болатын. Бишімбаевпен бірге сол қанды қылмысты жасырып, 4 жылға сотталған інісі Бақытжан Байжанов та күні кеше үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
«Апелляциялық шағымда сот талқысы кезінде судья жол берген 20-ға жуық процессуалдық заң бұзушылықты көрсеттік. Бұл, біздің ойымызша, алқабилер шешімі мен үкімнің заңсыздығына себеп болды. Тергеу изоляторында болып, қорғауымдағы азамат Қуандық Бишімбаевқа өтініш мәтінін көрсеттім, ол келісіп отыр. Ол да өз шағымын жібермек», — деді Ерлан Ғазымжанов.