Бішкек: Джалилов Қырғызстан азаматтығын ешқашан алмаған - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бішкек: Джалилов Қырғызстан азаматтығын ешқашан алмаған

Бішкек: Джалилов Қырғызстан азаматтығын ешқашан алмаған

Санкт-Петербург метросында болған терактіге күдікті Акбаржон Джалилов Қырғызстан азаматтығын ешқашан алмаған деп хабарлады Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі ресми сайтында.

  • 5 Сәуiр 2017
  • 568
Фото - Caravan.kz

Министрлік хабарламасында "Кейбір БАҚ-та тараған, Санкт-Петербургте 3 сәуірде метро станциясындағы терактіні жасады деген күдікті Акбаржон Джалилов "Қырғызстан азаматы екен" деген ақпарат шындыққа жанаспайды" делінген. Ресми мәліметте Джалиловтың 1995 жылы 1 сәуірде Ошта туғаны, бірақ Қырғызстан азаматтығын ешқашан алмағаны айтылады.

"2011 жылы 16 жасқа толған соң ол өзі жазған өтініші және әкесі — Ресей азаматының талап-арызы бойынша Ресей азаматтығын алған, содан бері ол Ресей территориясында тұрақты тұрған" дейді министрлік.

Ресей тергеу комитеті 4 сәуірде Джалиловты метродағы терактіні жасаған жанкешті болуы мүмкін деп атаған. Санкт-Петербургте Джалилов тұрған мекенжайда тінту жүргізілді. Сыртқы бейне бақылау камераларындағы жазбаларда күдіктінің үйінен сөмке мен рюкзак асынып шығып бара жатқан сәті көрінеді. "Генетикалық сараптама қорытындысы мен бейне бақылау камераларындағы жазбалар тергеушілердің вагонда теракт жасаған адам "Площадь Восстания" станциясына жарылғыш құрылғысы бар сөмкені қалдырып кеткен деп тұжырым жасауына негіз болып отыр" делінген Ресей тергеу комитетінің ресми ақпаратында.

Санкт-Петербург метросындағы жарылыс 3 сәуір күні вагондар "Сенная площадь" және Технология институты" станцияларының арасында кетіп бара жатқанда болған. "Площадь Восстания" станциясында жарылмаған тағы бір жарылғыш құрылғысы табылып, оны мамандар залалсыздандырылған.


Терактіден 14 адам қаза тапты, жараланған 49 адам ауруханада жатыр. Құрбандар арасында Санкт-Петербургте оқитын Қазақстан азаматы Максим Арышев та бар.

Соңғы жаңалықтар