Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың 20 пайызы баспанамен қамтамасыз етілді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың 20 пайызы баспанамен қамтамасыз етілді

Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың 20 пайызы баспанамен қамтамасыз етілді

Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған, әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың 20 пайызы баспанамен қамтамасыз етілді.

  • 18 Қыркүйек 2015
  • 448
Фото - Caravan.kz

 Бұған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қол жеткізіліп отыр. Бүгін Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан «Ақкент» тұрғын үй кешенінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілтін табыстау рәсімі барысында қала әкімі Бауыржан Байбек осылай деді.

Оның айтуынша, бұған дейін қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жылына 10 пайызға орындалып келген.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде бейбітшілік, тұрақтылық, қоғамдық келісім салтанат құрып жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Міне, бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарымызға пәтер кілтан табыс етіп жатырмыз. Қазіргі таңда Алматыда 15 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Егер соңғы жылдары оларды пәтермен қамтамасыз ету тек 10 пайызға орындалып келсе, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында ол екі есеге өсіп, 20 пайызға орындалып отыр», — деді Б. Байбек.

Осыдан кейін қала басшысы салтанатты жағдайда «Бәйтерек» «ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевпен бірге бірнеше тұрғынға пәтер кілтін табыстады. Кейін жаңа тұрғын үйдің екінші қабатына көтеріліп, тұрғындардың бірінің екі бөлмелі пәтерін аралап көрді. Жүзі қуанышқа толы пәтер иесі қонақтардың үстінен шашу шашты.

Осыдан кейін Бауыржан Байбек Алматы қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан жаңа пәтерлерге қол жеткізген Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, оларға пәтер кілтін табыстау үшін осы ауданның «Алғабас» ықшамауданына  аттанды.


Нақтылай кетелік, бүгін «Ақкент» тұрғын үй кешенінде «Бәйтерек» Ұлттық Басқару Холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылатын «Қазақстан Ипотека Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ сатып алған жаңа 275 пәтердің 50-і  тұрғындарға берілді. Ал қалған 225 пәтердің кілті тұрғындарға осы айдың соңына дейін табысталады.

Пәтерлер 1-2-3 бөлмелі болып келеді. Жалпы ауданы 19 195 шаршы метрді құрайды. Ал айлық жалдық төлем 1120 теңгеден аспайды. 

Соңғы жаңалықтар