«Маусым айнынан бастап негізгі медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар басқа да материалдық-техникалық жабдықтар артып келеді. Былтыр медициналық қызмет көрсететін 27 көлік алынса, биыл олардың қатары тағы 44 көлікпен толығатын болады», — деді Асқар Исабекұлы.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Елдімекендердегі алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың тапшылығын жою мақсатында былтыр облысқа келген 122 жас маманның 102-сі ауылдық жерлерге жіберілген. Оның 76-сына жергілікті бюджет есебінен 61 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді.
«Биыл 65 нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылады. Сонымен қатар құны 13,2 миллиард теңгені құрайтын 200 төсекке арналған онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі деуге болады», — деді А.Мырзахметов.
Профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Жүрек-қан тамырлары хирургтары ассоциациясының президенті, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Сейтхан Жошыбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицинаға көп көңіл бөліп отырғанын айтты.
«Жаңадан Кодекс қабылданатын болды. Мұның өзі мемлекет тарапынан үлкен қолдау барын көрсетсе керек. Біз тек қолдағы барлық мүмкіндігімізді пайдалануға тиіспіз», — деді ардагер-дәрігер.
Айта кетейік, кәсіби мереке қарсаңында медицина саласында ұзақ уақыт және үздік еңбек еткен қызметкерлер түрлі төсбелгілермен марапатталды.