Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.
«Өткен жылға қарағанда, астықтың сапасы біршама жақсы. Қазір элеваторларымызға 1700 тонна астық тапсырылған. Оның 85-90 пайызы үшінші санатқа жатады»,- деді С.Қасенов.
Комитет төрағасының атап өтуінше, дегенмен ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда егін шығымы гектарына 1,2 центнерге төмен болып отыр. Тек 3 облыста ғана астық шығымы біршама жоғары болды.
«Солтүстік Қазақстанда гектарына 17,7, Ақмола облысында 11,7, Қостанай облысында 10 центнерден астық алынуда. Осы деректерді ескерер болсақ, бұған дейін мәлім еткеніміздей, биыл 17 млн. тонна астық алатын мүмкіндігіміз бар», — деді ол.
Алдағы 2 аптада егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар.
«Қазіргі уақытта елімізде 8 облыста егін ору жұмыстары өз жалғасын табуда. 4 облыста егін бастыру жұмыстары аяқталды. Олар: Оңтүстік Қазақстан. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары. 3-4 облыста егін жинау аяқталуға жақын»,- деді комитет төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің ең астықты өңірлері Ақмола облысында 73, Қостанай облысында 66, Солтүстік Қазақстанда 72 пайыз астық бастырылған.
«Қазір ауа райына байланысты 1-2 күн жұмыс тоқтап қалды. Дегенмен, біздің ойымызша, комбайнның, жанармайдың жеткілікті болуына байланысты алдағы 2 апта ішінде ауа райы қолайлы болса егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар», — деді С.Қасенов.
2014-2015 маркетинг жылында Қазақстан 7 млн. тонна астық экспорттайды .
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың тұтынуына және мал азығына 6 млн. тонна астық қажет.
«Міне, осыны және өткен жылдан қалған бидайды ескерсек, кемінде 7 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға әлеуетіміз жеткілікті»,- деді комитет төрағасы.
С.Қасеновтің атап өтуінше, еліміздегі элеваторлар астықты кептіру жұмыстарын бастап кеткен. Сондықтан да министрлік оларға қосымша жанармай бөлу мәселесін де қарастырып отыр.
Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға астық экспорттауды жолға қоймақ. «Қазақ астығына әр уақытта да сұраныс бар. Біздің негізгі нарықтарымыз — Иран, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері. Қазіргі уақытта бізде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытайға астығымызды экспорттауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде», — деді ол.
Комитет төрағасының атап өтуінше, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық экспорттау мәселесі бүгінде өз шешімін тапты десе де болады.
«Соңғы 3-4 жыл бойы біз Қытайға астық экспортын жылдан-жылға еселеп келеміз. Бұдан бөлек, болашақта Қытай арқылы Оңтүстік-Азия елдеріне, оның ішінде Оңтүстік Кореяға шығу мүмкіндігі қарастырылуда», — деді С.Қасенов.

