"Biz Birgemiz" қоры түп-тамырымен жабылды: Қайырымдылықпен айналысып жүргендерді тексеру керек - журналист - kaz.caravan.kz
  • $ 514.94
  • 583.74
+18 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Biz Birgemiz" қоры түп-тамырымен жабылды: Қайырымдылықпен айналысып жүргендерді тексеру керек - журналист

"Biz Birgemiz" қоры түп-тамырымен жабылды: Қайырымдылықпен айналысып жүргендерді тексеру керек - журналист

Біз Біргеміздің былығы ашылғаннан кейін біздегі барлық қайырымдылық қорлары тексеріледі деген. Бірақ бір апта даурығып, бәрін ұмыттық.

  • 27 Ақпан
  • 17
Фото: IStock

«Біз біргеміз» деп бәрімізді баспен қадаған қайырымдылық қоры түп-тамырымен жабылатын болды. Әділет министрлігі бұл түбі тесік шелекті күштеп тарату туралы сотқа арыз түсіріпті. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әділет министрлігі сотқа «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану және мәжбүрлеп таратуды көздейтін талап-арыз берген. Оған Қаржы мониторингі агенттігінің хаты негіз болған.

Тасқын кезінде мемлекеттік арналар жарнамасын жасап, #bizBirgemiz деген хэштегпен халықты ақша салуға шақырған қор енді ешкімге керек болмай қалды.

Ал, жұрттан жылу жинап, бір бөлігін су шайған аймақтарға, бір бөлігін су жаңа көлік пен қымбат сөмкелер сатып алуға жұмсаған Перизат Қайрат қазір қамауда отыр.

Қаршадай қыз халықтың тиындап жинаған ақшасынан 1,5 млрд теңгені өңешінен өткізіп жіберді деп айыпталуда. Тергеу аяқталуға жақын. Қылмыстық іс жүз томға жүк болыпты. Демек мың түрлі махинация, алуан түрлі ақша жеу схемасы болған. Соның бәрін енді сот сүзгіден өткізеді.

Біз Біргеміздің былығы ашылғаннан кейін біздегі барлық қайырымдылық қорлары тексеріледі деген. Бірақ бір апта даурығып, бәрін ұмыттық.

«Ораза жақындағалы ақша жинағыш қорлар қайта тіріле бастады. Қасиетті айда жұрттың жанды жерін басып, пітір садақадан дәмеленіп отыр. Сондықтан садақаларыңызды сұлу сөзді, аш көзді қорларға емес, нағыз мұқтаж жандарға бергендеріңіз абзал», — деді ол.

Қазақстанда қайырымдылық қызметімен айналысатын ұйымдардың саны мен түрлері туралы нақты мәліметтер алу үшін бірнеше дереккөздерді қарастырдық. 2024 жылдың желтоқсан айындағы мәліметке сәйкес, атауында «қайырымдылық» сөзі бар 1353 ұйым тіркелген.  Алайда, бұл тек атауында «қайырымдылық» сөзі бар ұйымдарды қамтиды, ал іс жүзінде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың саны бұдан көп болуы мүмкін.

2020 жылы Қазақстанда волонтер жылы болып жарияланып, сол жылы 3,3 мыңнан астам қайырымдылық ұйымы тіркелгені туралы мәлімет бар.

Айта кету керек, Қазақстанның қайырымдылық индексі бойынша халықаралық рейтингтегі орны төмендеп барады. 2024 жылы еліміз 142 елдің ішінде 113-орында тұр, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда нашарлаған.