Қаржы саласында 15 жыл еңбек еткен сарапшы қазіргі буынның қаржылық сауаты ақсап тұрғанын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Күнекей Нұрланның орыс тіліндегі сұхбаты digitalbusiness.kz сайтында шыққан. Бұл туралы Қаржылық сауат арнасы жазды.
Біз – қазіргі қоғамда қаржылық сауаты ақсап тұрған буынбыз.
– Бұрын басқа экономикада өмір сүрдік, әке-шешемізде ақшаны басқаратын білім болған жоқ. Бәрін партия шешті. Ондаған жылдар бойы «біреуге» арқа сүйеп қалған буын бәсекенің, ақша жинаудың не екенін білмей өтті. Ал, (сол заманда) өз бетінше тырмысып, табыс тапқысы келгендерді спекулянттарға теңеді.
Күнекейдің қаржыгер ретінде банк секторындағы еңбек жолы да 2008 жылы экономикалық дағдарыс кезеңіне тұспа-тұс келген.
«Банк саласында өте қатал мектептен өттім. Диплом алып банкке келгенде институтта теорияда оқығанымның бәрімен бетпе-бет келдім. Таңғы 8-ге дейін жұмыс істеген кездер болды. Үйге барып жуынып, киім ауыстырып жұмысқа қайта келесің. Осы процестің бәрі мені кәдімгідей шыңдады» деген ол 23 жасында банкте бөлім басшысына дейін көтерілгенін айтады.
«Адам баласында қаржылық білім салмақ тастағандай немесе спортта жүргендей жылдар бойы қалыптасады. Мысалы, қазір дзюдомен айналысатыным бар. Бірақ онда тамсанатындай қабілетім жоқ, оған уақыт керек. Бапкер менімен 45 минут жұмыс істеуі мүмкін, бірақ ол менің физикалық белсенділігімді ояту үшін ғана. Ал жаттығу соңында бір «прием» көрсетеді, оны мен 150 рет қайталауым керек. Яғни, тапсырманы тиянақты орындап шығу үшін, үйрену үшін соны 150 рет қайталайсың. Бойға сіңіресің, әдетке айналдырасың. Мысалы, салмақ тастағысы келетін адамға бір күн аш жүру – жеткіліксіз. Сол сияқты қаржылық сауатты болуға бір ғана курс немесе дәріс аздық етеді» дейді ол.
Күнекейдің бүгінге көзқарасы бойынша, халықтың қаржылық сауат деңгейі өте төмен. Және бұл құбылыс тек біздің елде ғана емес, посткеңестік елдердің бәрінде байқалады. Яғни біздің бүгінгі қаржылық деңгейіміз нарықтық экономиканың талаптарына жауап бере алмайды, адамдар оған толық бейімделіп болмаған. Ал, бейімделіп үлгергендер – «ойын ережересін» түсінгендер. Өзгелер мойынға ілінген қарыз, кредит, айыппұл түрінде «шапалақ» боп тиген соң енді-енді ес жиып жатыр.
«Баланы қаржылық сауатқа үйрете алмадық»
Күнекейдің халыққа қаржылық білімді үйрететін өз компаниясы бар екен. Өз жобасымен мектептерді аралап көріпті. Мақсаты – балалардың қаржылық сауат деңгейін байқап көру. Сонда ол қазіргі жас ата-аналардың ойлау машығы әлі кеңестік жүйеде қалып қойғанын көріп, жаға ұстағанын айтады. Балалар әке-шешесінің ақшаға бола жиі сөзге келе беретінін айтқан, ал кредит олар үшін – дүниенің жауы.
– Мысалы, балалармен жұмыс істеген кезде самокат сатып алу үшін қаржылық жоспар құрып үйренуге шақырамыз. Бала үйіне барып ойын айтады, ал әке-шешесі «қайдағы саған жоспар» деп тыйып тастайды. Сөйтіп олар баласының қаржылық іспен айналысқысы келетін ынтасын су сепкендей өшіреді.
Осының барлығын ескере келе, біз бір шешімге келдік – әке-шешенің қаржылық білімін көтеріп алмай, балаға жолаудың қажеті жоқ…
Мемлекет не себепті азаматтардың қаржылық сауатын көтере алмай келеді? Өйткені халықтың ересек тобы өз проблемасымен мүмкіндік бермей отыр. Азаматтардың кредиттік жүктемесі жабайы көрініске айналды.
90 күннен асқан проблемалық қарыздардың сомасы триллиондап саналады. Осы көріністің өзі – халықтың қаржылық сауат деңгейін көрсетеді. Бала алдымызға келер, қолына қаржы туралы оқулық алар, бізді тыңдаған болар, бірақ одан ештеңе өзгермейді. Үйіне келеді, онда кредитке бола шыққан айқай-шу, ақшасын (отбасылық бюджетін) басқара алмайтын ата-ана…
Тамыз айы келді. Мектепке дайындалатын үлкендер осы айда тағы да кредиттің «қамытын» киеді…