Біз сапасы төмен кітаптар шығарып, оқырмандарды жирендіріп алдық - қаламгер - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біз сапасы төмен кітаптар шығарып, оқырмандарды жирендіріп алдық - қаламгер

Біз сапасы төмен кітаптар шығарып, оқырмандарды жирендіріп алдық - қаламгер

«Алтын қалам» әдеби жүлдесі Алматыдағы Ұлттық кітапханада әдеби кеш ұйымдастырды.

  • 15 Қыркүйек 2017
  • 1452
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Бұл шараға танымал қаламгерлер мен журналистер және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде баспа ісі мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатысты. Басқосуға жиналғандар "Қазақстандағы кітап саудасы және баспа ісі нарығының бүгінгі жағдайы" төңірегінде ой бөлісті. Жиында алғаш сөз алған "Өлке" баспасының директоры Мереке Құлкенов Қазақстандағы баспа ісінің бүгінгі жағдайына, жазушылардың да нарық заманына бейімделуі қажет екеніне тоқталды. "Аруна баспасының менеджері Әйгерім Райымбекова қаламгерлер әдеби агент немесе продюсерлермен жұмыс істеуі керектігін, бүгінгі таңда қаламгер жалғыз өзі кітап шығара алмайтынын, шығарған күнде оны жалғыз өзі тарата алмайтынын айтты.

"Ән Арыс" баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы бүгінгі таңда кітап пен оқырман арасында байланыс үзілгенін, қалтасы қалың азаматтардың барлығы өздері жайлы кітап шығарып жатқанын атап өтті.

"Қазір елімізде ешқандай техникалық базасы жоқ баспалар көбейіп кетті. Олар мемлекеттік тапсырысқа ие болып, ісін дөңгелетіп отыр. Тек мемлекеттік тапсырмамен шығарылған кейбір кітаптардың беті мүлдем ашылмайды»,-деді "Алтын қалам" иегері Тұрысбек Сәукетаев.

"Біз қазір сапасы төмен кітаптар шығарып жатырмыз, оқырмандарды жирендіріп алдық. Баспалар кітаптың мазмұнына қарамай, ақшасы төленсе, кез келген кітапты шығара береді" — деді Тұрысбек Сәукетаев.

"Жыламаған балаға емшек бермейтіні" секілді, кітап, баспа ісі саласына қаржы бөлуді үкіметтен талап етуіміз керектігін алға тартты. «Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының желісімен фильм түсіргіміз келеді. Сценарийді үш жылда жазып бітірдік. Бәрі дайын, бірақ қазақ классикасының шығармасын экранға шығаруға қаржы таппай жүрміз», деді MG Production бас директоры Ернар Мәліков.

Сценарист, режиссер Марина Кунарова 10 жыл бұрын қазақстанда бір фильм ғана жарық көргенін, ал бүгінгі таңда 40 шақты фильм көрерменге жол тартып жатқанын, қазақ әдебиеті де осы жолмен жүріп, жыл өткен сайын баспадан шығатын сапалы кітаптар қатарының молаятынына сенім білдірді.


«Меломан» сауда желісінің менеджері Қаракөз Тұрғанова: авторлар бізге, яғни кітап дүкендеріне өз кітаптарын алып келмес бұрын оны әлеуметтік желілер арқылы жарнамалау керек. Кітап саудаға шығарылғаннан кейін де барынша насихаттау керек. Сонда ғана кітап сатылады. Автор кітаптың мұқабасына, ішкі безендірілуіне, тіпті қағазының сапасына да аса көңіл бөлуі керек. Бүгінгі оқырман тек сапалы кітаптарды таңдайды.

Жалпы жиынға қатысушылар кітап басып шығару, оның сапасына, оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру, кітап саудасына қойылатын салықты алып тастау, тағы басқа да өзекті мәселелерді орынды атап өтіп, бірқатар ұсыныс жасады.

Айта кетсек, биыл «Алтын калам» әдеби жүлдесі Балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауын қанатының астына алды. Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар ақпанның 17 бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. Оқырмандар қыркүйек айының 30-на дейін дауыс бере алады.

Конкурс жайлы толық мәліметті жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар.