Біздің мұнай өндіретін ұлттық компаниялар Ақорданың геосаяси ойындарына араласпауы керек - экономист - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біздің мұнай өндіретін ұлттық компаниялар Ақорданың геосаяси ойындарына араласпауы керек - экономист

Біздің мұнай өндіретін ұлттық компаниялар Ақорданың геосаяси ойындарына араласпауы керек - экономист

Әлемдегі ең ірі газ алпауыты болып саналған Газпром үшін көгілдір отын пайда әкелуін қойды.

  • 21 Мамыр
  • 31
Фото: facebook.com/aybarolzhayev

2023 жылдың аудиттелген қаржылық есебі компания үшін «қилы заман» басталғанын байқатып отыр. Және Газпром бұл зынданнан шыға алмайтын сияқты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Экономист Айбар Олжаевтың пікірін жеткіземіз.

2028 жылдарға таман ол тіпті Ресей бюджетіне салық төлеуін доғаруы мүмкін. 2030 жылға таман Ресей жыл сайын еселей өсіп келе жатқан бюджет дефицитін бақылауда шығарып алады және 1991 жылдан бері көрмеген кризис пен гиперинфляцияға ұрынбақ.

Есігін жапқан Еуропа

Газпром моделі әу баста түсінікті және қарапайым болатын. Олар Сібірден табиғи газ өндіреді. Оны қымбат, өздеріне жақсы бағамен Еуропадағы миллиондаған тұтынушыға жеткізеді. Алдын-ала төлеммен немесе споттық контракттардан таза валюта түсіп отыратын. Бірақ Газпром тез арада таза коммерциядан кландық соғыс қаруына айналып кетті де, газды геосаясат тетігі ретінде қабылдап, «тәкаппарлық иллюзиясының» құрсауына түсті.

Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін Еуропадағы тұтынушылар Газпромнан газ алуын қойды. Газпромның өзі де Еуропа елдеріне газ сатпаймыз деп қыр көрсеткені есте. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша Газпром 25 жылдан бері тұңғыш рет шығынға батқан. Оның жалпы түсімі 30 пайызға азайып, газ сатқаннан келген қаржы 8,4 триллион рубльден 4,1 триллион рубльге дейін құлдырады. 2022 жылы таза кіріс 1,23 триллион рубль болса, 2023 жылы 629 миллиард рубль шығын әкеліп отыр.

Газпром өзінің негізгі клиентін – Еуропаны жоғалтқаннан кейін, оның жарқын болашағына күмән көбейе бастады. Себебі, 1991 жылдан бері Ресей барлық миллиардтаған доллар инвестициясын осы Еуропаға көбірек газ жеткізуге жұмсаған болатын. Түркия, одан әрі қарай Болгария мен Венгрия үшін «Турецкий поток», «Голубой поток», Германия, Батыс Еуропа елдері үшін «Ямал-Еуропа», «Северный поток-1», «Северный поток-2» газ құбырларын салды. Осының барлығы зая кеткен тірлік болды. «Северный поток-2» жарылып кетті. «Голубой поток», «Ямал-Еуропа», «Северный поток-1», «Ямал-Еуропа» жұмыс істемей тоқтап тұр. Қазір тек аздаған газ Түркияға «Турецкий поток» құбыры арқылы, ал Орталық Еуропаға Украинаның газ тасымалдау жүйесі арқылы баруда. Биылғы жылдың соңында Газпромның Украина газ тасымалдау жүйесімен контракты бітеді. Одан кейін Украина Ресей газын Шығыс Еуропаға өткізбейтін болады. Түркия да өз кезегінде Ресейден алатын газ көлемін бір жылда 25 пайызға азайтып тастады.

Онымен қатар, Түркия мен Венгрия тұтынатын газына уақытылы төлемейді. Түркия газ үшін 20 миллиард доллар, Венгрия 4,5 миллиард доллар қарыз. Олар осы қарызды кейінге шегеріп, бөліп төлемек. Газпром олар не десе де көніп отыр. Бір жағынан клиенттері ақшасын төлемейді, екінші жағынан мемлекет оны таза сауын сиырға айналдырды. Шығынға батса да, Ресей үкіметі Газпромның бюджетке төлейтін салық көлемін азайтқан жоқ. Оларға соғыстан ұлғайып кеткен федералды бюджет тесігін жабу керек. 2023 жылы Газпром бюджетке 2,5 триллион рубль немесе 26 миллиард еуро салық төледі. Бұл біздегі Ұлттық қордың тең жартысы. Ол ақша табыссыз қалған Газпромның резервінен алынған сөзсіз. Бұл жағдайда Газпром акцияларын ұстап отырған инвесторларға қандай да бір дивиденд төлене ме деген сұрақ туындайды. Басты акционері — мемлекет дивиденд төлемейміз деп шешсе, онда жеке инвесторлар газ алпауытының акцияларынан тезірек құтылудың амалын қарастыра бастамақ.

Есігі табылмаған Азия

Газпром санкция салынғаннан кейін ғана бұрқылдап, «Біз онда Азияға бұрыламыз» деген әңгіме айта бастады. Ал шын мәнінде кезінде өзі қолайлы сәтті мүлт жіберіп алған болатын. Қазір Азия дегенде оның Қытайға ғана тартылған «Сила Сибири» құбыры бар. Бұл құбырдың екінші ниткасын салу бойынша әңгіме пайда болды. Бірақ Қытай Газпромға ешқашан Еуропа сияқты кіріс әкелмейді. Себебі Қытай тіпті қазіргі көлем үшін әлемдік бағадан бірнеше есе төмен ақша беріп отыр. Оның өзін юаньмен төлейді. «Сила Сибири — 2» құбыры салына ма, басқасы салына ма Қытайға бәрібір. Олар Ресейге тауарлы газдың өзіндік құнынан сәл ғана жоғары болатын бағаны ғана төлеуге дайын. Қытайдан түскен ақша сол газды өндіріп және құбырды бақылап отырған мамандардың айлығын төлеуге ғана жетеді. Тіпті Қытайға салынған бірінші құбыр әлі күнге дейін өзін ақтамаған.

Бұл Қытайға газ керек емес дегенді білдірмейді. Бейжің үшін газдың басты жеткізушісі – Түркіменстан. Былтыр Ашхабад Қытайға Қазақстан арқылы 9 миллиард долларға газ жеткізді. Қытайлар үшін Ресейге қарағанда Ашхабадпен жұмыс істеген тиімді. Түркімендер ешқашан өз газын қандай да бір геосаяси рычаг ретінде пайдаланған емес. Бейжің Кремльдің кезінде Еуропаны қалай бопсалағанын есінде сақтап отыр және Ресей газына тәуелді болғысы жоқ. Сол себепті, Қытай «Ресей екінші құбырды салғысы келсе өз күшімен, өз ақшасына салсын» деген ұстанымын Газпромға жеткізді. Олар қазір еш табысы жоқ, бар резервін өзін-өзі ұстап тұру мен бюджет салығын төлеуге ғана жеткізіп отырған Газпромның мұндай құбырды енді сала алмайтынын жақсы біледі.

Осыдан 10 жыл бұрын Газпром Үндістан мен Жапонияға құбыр салу бойынша жобаны ойластырған болатын. Ол Газпромның әлеуеті мен ақшасы тасып жатқан уақыты еді. Бірақ соның өзінде бұл жобадан бас тартуға тура келді. Себебі тым қымбат болып шықты. Газпром Үндістан нарығымен танкермен тасылатын сығылған газ арқылы жұмыс істеуді ұйғарды. СПГ-ны олар Үндістанға қазір де сатады. Ол үшін Дели рупий төлейді. Бірақ табиғи газға қарағанда СПГ көлемі тым мардымсыз. Ол кіріске мүлде әсер етпейді.

Мүлде амалы қалмаған соң Газпром Қазақстан мен Өзбекстан нарығына да көз тікті.

Бірақ Өзбекстан да, Қазақстан да ішкі тұтынушы нарықты өз газымен жауып отыр. Газпромның газы тек газохимия өндірісіне, ГПЗ-ларға қажет болуы мүмкін. Оның көлемі үлкен емес. Сондықтан қазіргі реверсті контракттың Газпром үшін коммерциялық еш пайдасы жоқ. Оның тек геосаяси мазмұны бар.

«Кремльдің көңіл-күйіне қарап, әрбір айтағына ерем деген «Достояние» барынан айрылып, масқара болды. Бұл оқиға бәрімізге сабақ болуы тиіс. Біздің уран, мұнай өндіретін ұлттық компаниялар еш уақытта Ақорданың геосаяси ойындарына араласпаса екен деп тілейміз. Олар нарық заңымен тиімді жұмыс істеп, халыққа дивиденд пен салық, жалақы түрінде нақты пайда әкеліп отыруы тиіс», — деді экономист.