Жарияланды: 900

Біздің қоғам ең алдымен рухани салауаттылыққа мұқтаж

Қазақстандағы мәдени әртектіліктің жоғары деңгейі, тұрғылықты халықтың полиэтносты және поликонфессионалды құрамы мәдени плюрализм мен ұлтаралық және дінаралық татулық саясатын ұстануға мәжбүрлейді.

Яғни, әлемдік деңгейде көкейтестілікке ие болып отырған дінаралық сұхбат мәселесінің кішігірім көрінісін біздің еліміздегі ахуалдан да байқауға болады. Қазақстандық қоғамның рухани шоғырлануы діндер арасындағы қатынасқа тәуелді болып отыр. Біз осыған орай ҚР БҒМ Философия және саясаттану институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, доцент Бақытжан Меңлібекұлы Сатершиновты ислам мен христиандықтағы дінаралық келісім мен сұхбат мәселелері төңірегінде әңгімеге тартқан едік. - Ислам пайда болғалы бері он төрт ғасырдың ішінде басқа діндермен өзінің қарым-қатынасын орнатып келеді. Ислам өмірге келісімен өзінің географиялық орналасуына сай иудейлермен және христиандармен қажетті байланыс орнатты және бұл экономикалық әрі әлеуметтік, саяси және тұрмыстық байланыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл үш діннің де Ыбырайым пайғамбардың дәстүріндегі діндер екендігі белгілі және яhудилер мен христиандар Құранда «Кітап иелері» деп аталып, олармен қатар өмір сүрудің белгілі бір дәстүрлері орнықты. Ислам мен христиандықтың арасындағы сұхбаттың қандай деңгейлері бар? - Ислам мен христиандықтың арасындағы мүмкін болар сұхбаттың ірі үш деңгейін бөліп қарастыруға болады. Олар - канондық-догматтық деңгейдегі сұхбат; адамгершілік, танымдық және өмірмәндік деңгейлердегі сұхбат; тұрмыстық және қоғамдық болмыстағы сұхбат. Діни сенімнің догматикасы деп сол діннің мәнін құрайтын сенімнің уәхи ақиқаттарын атайды. Сенім мен имандылық адамның Құдайға деген ұмтылысын білдіреді. Ол адамның өзінің ерікті күш-жігерімен қатар, Құдайдың берген нәсібі, сыйлығы арқылы болады. Сенімсіз «рухани кеңістікке» кіру мүмкін емес, имансыз адам дінтанулық мәселеде ештеңеге де түсінбейді. Сенім болмыстың терең де тұңғиық заңдарын өз бойына шоғырландырып тұрғандай, сенімсіз оларды ұғыну мүмкін емес. Кез келген кілтпен кез келген құлыпты ашу мүмкін еместігі сияқты, сенім де Құдайға деген жолды ашады. Христиан дінінің догматтары көп емес, бірақ мазмұнды. Бұл догматтарды ақылмен игеру мүмкін емес деп есептеледі, бұл жерде сенімнің қатысы керек. Мысалы, Қасиетті Үштік туралы догмат - христиан дініндегі негізгі догмат. Ол «сенімнің құпиясы» деп аталады, сондықтан оның қысқаша мазмұны әдетте, шабытты комментарийлермен толықтырылады. Бұл догматтың мәнін қарапайым түрде мына үш жағдайға сыйғызуға болады: 1. Құдай үштекті және бұл үштік Құдайдың үшкелбеттілігімен байланысты: Әке, Ұл және Қасиетті Рух. 2. Үштіктің әрбір Келбеті Құдай, алайда Ол үш Құдайдың емес, жалғыз Құдайдың мәні. 3. Үштіктің барлық Келбеттері өзара өзіндік тұлғалық қасиеттерімен ерекшеленеді. - Дінтанулық мәселеден аз-маз хабары бар адам мұндағы сәйкессіздікта бірден аңғарады ғой. Қалайша біртұтас Құдай үш келбетте болады? Оған Жалғыздық тән емес пе? - Алайда бұл рационалдылықтың шамасы жетпейтін түсінік,оған рухани тұтас көзқарас арқылы қол жеткізуге болады деп есептеледі. Ақиқатқа адамның қандай да бір қабілеттері арқылы ғана қол жеткізуге болмайды, оның кілті адамның мәні болып табылады, ал бұл мәнді сенім, үміт және махаббат құрайды. Оларсыз Құдай жолына түсу жоқ. Сенім Құдайдың берген сыйы болғандықтан, осы сыйлықты пайдалану үшін Иса пайғамбардың аузымен айтқандағы Құдайдың басты мына екі өсиетін орындау керек: «Өзіңнің жаратқан Иеңді бүкіл жүрегіңмен, бар жаныңмен де, барлық ақылыңмен де сүй» және «Жақыныңды өзіңдей жақсы көр». Бұл екі талап Құдай жолындағы негізгі өсиеттер саналады. Алайда осы негізгі догматқа қатысты христиан діні ішіндегі негізгі екі тармақтың - католик діні мен православиенің бір бірінен айрықшаланатынын айта кету керек. Мысалы, католик діні Үш келбеттің бірі, дәлірек айтқанда қасиетті Рух Әкеден ғана емес, Ұлдан да шығады деп есептейді. Бұл түсіндірме Үштік туралы догматының да, оның монотеизмінің де негіздерін шайқалтады. - Христиандықтың бұл догматын ислам дінінің қабылдауы мүмкін емес сияқты? -Исламдағы Бар және Бір құдай - Аллаhтың негізгі атрибуты Оның абсолютті трансценденттігі. «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген кәлимадан бастап, қасиетті Құрандағы көптеген сүрелер мен аяттар «тәухидті» (Аллаhтың Бір және бар екендігіне сенім) үлгі етеді, Аллаhқа серік қосу кешірілмес күнә болып табылады. Қасиетті Құранда Алла және оның сипаттары ең маңызды орын берілген. Ұлы Болмыс немесе Ақиқат - Аллаh Тағала. Құранда адамдардың ұғынуын оңайлату үшін Аллаhты самад, яғни, барлық нәрсеге күші жететін, мәңгі және абсолютті Ақиқат ретінде танытады. Ол - әуелгі және ақырғы, барлық нәрсені көреді, бірақ өзі көрінбейді. Оның ұлылығы біз пәни болмыстар тарапынан білінбейтін трансценденталды болмыс. Біз болсақ тек қана сезім мүшелерімізбен қабылдай алатындарымызды немесе ойлаудың табиғатында бар нәрсені не болмаса Аллаh аян арқылы білдірген нәрселерді ғана біле аламыз. Ол трансценденталды, себебі уақыт, кеңістік пен сезімдік таным аясынан тыс. Ол уақыт, кеңістік пен сезімдік әлем жоқ кезде де бар болатын. Құранда Алланың сипаттары мен есімдері бірнеше тақырыптың аясына жиналады: Өмір (Хаят); Мәңгілік; Бірлік; Құдірет; Хақ; Жамал; Әділет; Махаббат пен Жақсылық және т.б. 99 көркем есім арқылы танылады. Аллаh әрдайым тірі және толық бақылап тұрушы, Бір, барлық нәрсеге күші жетуші барлық нәрсені білуші, ең көркем, ең әділ, өте құл сүйгіш және ең жақсы, шексіз және абсолютті дәрежеде еркін, жаратушы, шындық. Тірі, ақиқат ретінде Алла өзінің жаратқан мақлұқаттарымен байланыс құрады және олар үшін ғибадат, зікір мен білім арқылы өзімен достық орнатуларын және Оны еске алатындардың үйлерінің Алланың нұрымен нұрлануын мүмкін қылады. - Христиандық пен исламдағы сенімнің осы негізгі мазмұнынан көріп отырғанымыздай олардың арасында догматтық-канондық тұрғыда синтез болуы мүмкін емес сияқты? - Алайда қай дінде болмасын, дінсіздермен салыстырғанда, тақуа адамдардың практикалық өмір тәртібінен, олардың адамгершілік, танымдық және өмірмәндік ұстанымдарынан ұқсастықтар тауып алуға болады. Бұл ортақ тұстар догматика деңгейінде немесе діни ғұрыптар мен ғибадаттарды жасаудың сыртқы формасында емес, олардың өмірге деген қатынасының ішкі, рухани деңгейінен аңғарылады. Және дәл осы нәрсе олардың сұхбатын қамтамасыз ете алады. Руханилық адам өмірінің кәдуілгі материалдық қырынан шығарылмайды, оның табиғаты мен жаратылысы бөлек. Руханилық материалдық үдерістің «жоғарғы қабаты» ретінде, қоғамдық-тарихи үдерістің «қондырғысы» ретінде қарастырудың тығырыққа тірелгені мәлім болды. Тарихи үдеріс барысында мәдениеттің жаратылатыны рас, бірақ мәдениет руханилықтың мәнімен сәйкес келмейді. Діндер арасындағы рухани диалог діннің догматтық бағанынан төменге түсіп, адаммен «кездескен» жерінде, яғни адамгершілік, танымдық және өмірмәндік мәселелердің «рухани кеңістігінде» мүмкін болады. Барлық нәрсені, оның ішінде адамды да Құдай жаратты, Ол бүкіл болмысқа өмір берді. Жаратушыға деген сенім және өмірдің мәні Құдайға құлшылық жасауда екендігін түсіну христиандар мен мұсылмандар арасындағы және басқа да діндер арасындағы ортақ көзқарасты білдіреді. - Христиандықта да, исламда да адамның Құдай жолына түсуі мен өмірдің рухани мәні мәселесіне келгенде түсініктері түйіседі ғой? - Иә, екі дінде де бұл жолдың негізгі қағидалары берілген: христиандарда - Иисус Христостың Таулы қыраттағы Жаңа өсиеті және мұсылмандарда - қасиетті Құран мен Мұхаммед пайғамбардың өнегесі. Иудаизм, христиан діні және ислам сияқты Ыбырайым пайғамбар дәстүріндегі діндерде ортақ тұстар көптеп кездеседі: дүниенің, адамның жаратылысындағы бірегейлік, ортақ пайғамбарлардың мойындалуы, кітаптардың, періштелердің, жындардың болатынына сену, ақырында жақсылық пен жамандықтың тағдырмен болып, есепке тартылудың, ақырзаманның, жұмақ пен тозақтың болатынына илану және т.б. Ислам мен христиан діні арасында таным мәселесіне де қатысты ортақ тұстар бар екенін айта кету керек. Бұл ортағасырлардағы ақыл мен сенім арақатынасын анықтауда, сондай-ақ жалқы және жалпы әмбебаптарды анықтау мәселесінде шығыстық перипатетизм мен батыстық схоластика арасында көптеген ұқсастықтар бар. Әл-Фарабидің, Ибн Синаның, Ибн Рушдтың ілімдеріндегі негізгі тақырып, Фома Аквинский, Ансельм Кентерберийский, Уильям Оккам тәрізді батыс схоластарының жүйелеріндегі проблематиканың негізін құрады. Сондай-ақ әл-Бистами, әл-Халладж, Ибн Араби, әл-Ғазали, Руми сынды сопылардың кейбір пікірлері христиандықтың кейбір ойларымен үндес келіп жатады. - Діндер арасындағы сұхбат қоғамдық болмыс салаларында аңғарыла ма? - Діни дүниетанымның практикалық әрекетінің екі деңгейі бар. Оның біріншісі - діннің мәнімен байланысты және адамның немесе қауымның өмірінің дін талаптарына сәйкестігінен көрінеді. Яғни, дінге сенетін адамның бүкіл өмірі өзінің барлық көріністерінде оның сенімінен туындайды, ол барлық жағынан алғанда да тақуа. Дін нормаларын практикалық іске асырудың келесі деңгейі күнделікті өмірдің әр алуан салаларында - экономикалық, саяси-құқықтық, ұлтаралық, мәдени және т.б. салаларында осы нормалары өтеуімен байланысты. Қоғамдық қатынастардың діни құрамдасынан басқа адамгершілік, иррационалдық, тіпті мистикалық сияқты руханилықтың әлсіз элементтері де болады. Адам қоғамдық қатынастардың субъектісі ретінде руханилықтың элементін енгізгендіктен, олардың арасында да белгілі бір рухани қатынас орнайды. Қоғамдық өмірдің әр алуан формаларына қатысты проекцияларының айырмашылықтарына қарамастан, ислам мен христиандық арасында ұқсастықтар жетерлік. Бұл ұқсастық діни өмірдің тақуалығынан, оның атеизмге қарама қарсылығынан көрінеді. Дінге сенуші адам жауапкершілікті, ұрлыққа бармайды, не істесе де, Құдайдың разылығы үшін жақсы істеуге тырысады, адамдарға қызмет етуге дайын тұрады, таза өмір сүреді, ақырында протестант дінінің белгілі бір тарихи кезеңде кәсіпкерлікте табысқа жеткені белгілі. - Исламда «кітап иелерін», яғни яhудилер мен христиандарды бағалау болғанымен, олар соңғы дін ретінде исламды мойындаған жоқ қой? - Христиан діні болмысты Аспан патшалығы мен Жер патшалығы, Құдай қаласы мен жер қаласы деп бөліп, күйкі тіршіліктен баз кешуді насихаттайды, Шіркеуді мемлекеттен бөледі. Ал мұсылман діні рухани билік пен зайырлы билікті біріктіреді, салауатты әрі белсенді өмір сүруге үндейді. Исламның негізгі бес парызы бар екені белгілі - 1) кәлимаға тіл келтіру; 2) намаз; 3) ораза; 4) зекет беру; 5) қажылыққа бару. Бұлардың алғашқысы догматтық мәнге ие болса, қалғандары мазмұнына қарай дін ұстанудың практикалық формаларына жатады. Алайда олар да ғұрыпты формальды ғана орындау емес, бір Құдайға бар ықыласыңмен беріліп, құлшылық етуді білдіреді. Кез келген діннің, оның ішінде ислам дінінің терең рухани мазмұны қоғамға көптеген пайда бере алады. Біздің қоғам ең алдымен рухани салауаттылыққа мұқтаж. Және діндердің, егер олар саясаттандырылмаған жағдайда, қақтығыстан гөрі сұхбатқа жақын екендігі айқын. Оның жарқын мысалын тарих беттерінен табуға болады. Әрине, өткен замандарда діни айырмашылықтарға байланысты қырғын соғыстардың болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Крест жорықтары соның бір дәлелі. Дегенмен, сұхбат пен келісімге келудің де үлгілері болды. Христиан дінінің әлемдік тарихында ерекше бір оқиға несториандық патриарх Тимофейдің понтификаты дәуірінде (780-819 жж.) орын алды. Патриарх Тимофейдің бастамасымен Орталық Азиядағы барлық үш христиандық деноминациялар біртұтас догматтық доктрина жасап шығарып, өздерінің біріккенін жариялаған еді. Дегенмен, христандар қазіргі кезде өздерінің негізгі үш тармағын - католик, православ, протестанттық бағыттарын сақтап отыр, ал оның ішінде қанша секталардың бар екендігін саусақпен санай алмайсыз. Сондай-ақ сунниттер мен шииттер деп негізінен екіге бөлінетін мұсылман дінінде де соңғы кездері әрқилы ағымдар көбейді. Пайғамбар хадистерінде олардың саны жетпіс екіге дейін жететіні туралы айтылады. - Соңғы жүзжылдықтарда өзекті түрде көтеріліп жүрген дінаралық сұхбат мәселесінде қандай да оң нәтижелер бар? - Егер ортағасырлық діншіл Иоанн Дамаскин өзінің «Ересьтер» кітабында исламды жалған дін деп жарияласа, II Ватикан соборының «Шіркеудің христиандық емес діндерге қатынасы туралы» Декларациясында (1964 жылдың 21 қарашасы) Шіркеудің мұсылмандарға құрметпен қарайтыны, исламның інжілдік емес монотеистік дін ретінде мойындалатыны атап өтілді. Христиандар мен мұсылмандардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асты. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-христиан кездеуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі христиан-ислам коллоквиумында және 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында экумендік бата жасауға көптеген дін өкілдерінің жиналуы діндер арасындағы сұхбатқа жол ашты. Ал 2003 жылдың қыркүйегінде, 2006 жылдың қыркүйегінде және 2009 жылдың шілдесінде Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкіләлемдік бірінші, екінші және үшінші съездерінің Астанада өткізілуі осы дінаралық сұхбатты одан ары дамыта түсті және бұл үдеріске әртүрлі дін өкілдері мекен ететін біздің еліміз де белсене араласты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін