Яғни әлеуметтік қолдау шараларынан бастап, өнеркәсіп, инфрақұрылым, білім беру және қауіпсіздікке бөлінетін инвестицияларға дейінгі параметрлерді белгілейді. Caravan.kz медиа порталы тілшісі негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті.
Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер
2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып бекітіледі. Бұл қазіргі деңгейден 400 теңгеге жоғары.
Ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалады — 85 000 теңге.
Минималды зейнетақы 69 049 теңгеге дейін өседі, ал базалық зейнетақы төлемі 35 596 теңгені құрайды. Айта кетейік, 2025 жылы сәйкесінше 62 771 және 32 360 теңге болатын.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге дейін артады (46 228 теңге).
Бюджет кірістері мен шығындарының динамикасы
Бюджет кірісі жыл сайын шамамен 1 триллион теңгеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Жоспарлы көрсеткіштер мынадай:
— 2026 жыл — шамамен 28 трлн теңге,
— 2027 жыл — 29 трлн теңгеге жуық,
— 2028 жыл — 30 трлн теңгеге таяу.
Бұл өсім өңдеу өнеркәсібін, агросекторды және басқа салаларды қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді, төмен пайызды субсидияланған кредиттер есебінен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік шығындар экономиканың нақты секторына құйылып, кейін бизнес табысына айналып, елдің экономикалық өсімін жеделдетеді деген логика бар.
Сондай-ақ жаңартылған салық-бюджет саясаты есебінен қосымша түсімдер күтіледі.
Салық саясаты: өзгертулер мен ұсыныстар
Алдағы жылдары бірқатар салық мөлшерлемелері қайта қаралып отыр:
— ҚҚС 16% деңгейіне көтеріледі,
— корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі кейбір компаниялар үшін 25% болады.
Бірқатар мемлекеттік кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер берілген.
Сарапшылар салық саясатын одан әрі күшейтуге де мүмкіндік бар екенін айтады. Мәселен, казино, ойын-сауық орындары немесе кинотеатрлар сияқты салалар үшін салық мөлшерлемесін 30% деңгейіне жеткізуге болады. Көптеген еуропалық елдерде мұндай бизнес 40% шамасында салық төлейді.
Бюджет тапшылығы және оны жабу тетіктері
Кіріс өсіміне қарамастан, шығын көлемі жоғары болып қала береді. Сол себепті бюджет жыл сайын бірнеше триллион теңге шамасында тапшылықпен қалыптасады.
Бұл тапшылық Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер және басқа көздер есебінен жабылады. Сонымен бірге бюджет шығыстарын оңтайландырудың кең ауқымды кезеңі басталады. Әлеуметтік төлемдердің адрестілігі күшейтіліп, мемлекеттік қолдау нақты мұқтаж азаматтарға бағытталмақ.
Кепілдендірілген трансферт және инфляциялық тәуекелдер
Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттің көлемі өзгермейді: 2026–2028 жылдары ол жыл сайын 2,7 трлн теңгені құрайды.
Бюджет тапшылығы әлемде кездесетін сирек құбылыс емес. Дамыған елдердің басым бөлігі 3–10% деңгейіндегі тапшылықпен өмір сүреді және оны экономикалық белсенділікті ынталандыру құралы ретінде қолданады. Ең басты фактор — қауіпті шектен аспау.
Экономикалық өсімге инфляцияның әсер етуі мүмкін деген пікір бар. Алайда сарапшылардың айтуынша, Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты, әсіресе базалық мөлшерлеменің жоғары болуы — проинфляциялық қысымның алдын алады. Мемлекеттік шығындар мен Ұлттық қор трансферттері де осы факторлардың қатарында.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов 2025-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында жалақыны көтеруге 1,8 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеген болатын.
Келесі жылдан бастап балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30% көлемінде өседі.