Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыс әкімі Нариман Төреғалиев кеше кешкісін су тасқыны болған Сырым ауданына жол тартты.
Сағат 22.30-да өңір басшысы аудан орталығы Жымпиты ауылында болып, үйлері су астында қалған тұрғындарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау жұмыстарына жетекшілік етті.
Сағат 22.30 бен 02.00 аралығында Сырым ауданына қарасты 3 ауылдың халқы түгелдей жақын маңдағы қауіпсіз елді мекендерге, туған-туыстарының үйлеріне көшірілді. Құтқарушылар күні-түні жұмыс істеді.
Сағат түнгі 00.00-де облыс әкімі арнайы жылжымалы мобильді көлікте жедел штабтың отырысын өткізіп, төтенше жағдайлар департаментінің басшысынан облыс бойынша жағдайды сұрастырды. Сағат 01.00-де ҚР Төтенше жағдайлар министрімен байланысып, облыс бойынша су тасқынына қатысты жағдайды баяндады.
«Апат айтып келмейді. Тасқын су тұрғындардың үйін түгелімен жайлаған. Апаттың салдарынан электр желілері, ұялы байланыс, интернет мүлдем жұмыс істемей қалған. Осынау қиын кезде тұрғындардың бір-біріне деген қамқорлығы қуантты. Көрші ауылдардағы Сырым ауданы тұрғындары құтқарушылармен қатар азаматтарды көшіруге қолұшын созып жатты. Бұл бірлігіміздің бекем екенін көрсетеді. Бұдан кейін облыс басшысы Қаратөбе ауданына бет алды», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында 350-ге жуық адам эвакуацияланды.
БҚО-ның Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау мен Алматыдан құтқарушылар көмекке жіберілді.