Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 505.17
  • 599.54
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады

Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады

Соңғы 50 жылда Орталық Азиядағы мұздықтар 20-30%-ға азайған. Бұл ай­мақтағы мемлекеттер үшін мұздықтар ағын судың өмір­лік маңызы бар табиғаттағы ұзақ­мер­зімді қоры болып саналады.

  • 3 Ақпан
  • 73
Фото - Caravan.kz

Богданович мұздығы Алматы тұрғындары мен қонақтары арасында ең танымал туристік орын. Оның әсем көрінісінің артында экологиялық мәселе жатыр. Ол Орталық Азиядағы көптеген басқа мұздықтар сияқты жыл сайын еріп, көлемі азайып барады. Салдарынан еліміздің болашағы үлкен экологиялық қауіпке ұшырауы мүмкін. Caravan.kz медиа порталының тілшісі еріп жатқан мұздықтың мәселесін өз көзімен көріп қайтты.

Орталық Азиядағы мұздықтар аймақ үшін өте маңызды рөлді атқарады. Олар тұщы суды жинап, жаз мезгілінде халықты ішетін сумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығын суаруға арналған сумен қамтамасыз етеді. Қарапайым сөзбен айтсақ, мұздықтар – «қатып қалған су», яғни қорғауға тиіс бағалы ресурс. 

Фото: Caravan.kz / 2022 жылғы көрініс

Богданович мұздығы қайда орналасқан

Богданович мұздығы Кіші Алматы және Комсомол шыңдарының арасына орналасқан ең ірі мұздық болып саналады. Бұл алқаптық мұздық, ашық бөлігінің ұзындығы шамамен 3 км. Ол Амангелді шыңынан батыста, Қарлытау шыңынан шығыста созылған жотаның солтүстік беткейін алып жатыр. Биіктігі теңіз деңгейінен 3300–3600 метрден басталады.

Мұздық өзінің атын 1911 жылы ресейлік геолог және гляциолог С. Е. Дмитриевтен алды. Ол Вернен жер сілкінісінің (1910–1911 жж.) салдарын зерттеу кезінде мұздықтың үлкен тілін байқап, оны зерттеуге келген экспедицияны басқарған ғалымның құрметіне атауды шешкен. 

Профессор Карл Иванович Богданович (1864–1947) – Польша тумасы, Ресейде қызмет атқарған геолог, XX ғасырдың басында Орталық Азияны зерттеген ең ірі ғалымдардың бірі. Ол сейсмика, геология және Тянь-Шань мұздықтарын зерттеген. Оның ғылыми еңбегі мен зерттеулері үшін мұздыққа оның есімін беру – құрметтің белгісі. 

Мұздыққа жол Талғар асуындағы канат жолының станциясынан (шамамен 3200 м) басталып, әрі қарай морена мен шатқалдар арқылы мұздық тілін бойлай жалғасады. Ол – таулардың арасындағы тар жерде орналасқан, екі бөліктен тұратын алқап. Мұздыққа қыс мезгілінде гидпен барған дұрыс. 

Фото: Caravan.kz / 2026 жыл, қаңтар

Экологиялық апат қаупі 

Caravan.kz медиа порталының тілшісі биыл бірінші рет мұздыққа барды. Жолда қазақстандықтардан бөлек, көптеген шетел азаматтарын кездестіруге болады. Олар да Қазақстанның танымал мұздығын көруге, зерттеуге қызығушылық танытуда. Мұздық расымен де әдемі, таңғажайып ертегідей. 

Алғашқы рет барып тұрғандықтан, Алматының тауларын жақсы білетін гидпен бардық. Айжан Нұрмашева мұздықтың қазіргі күйіне алаңдаулы. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда мұздық айтарлықтай кішірейіп қалған.

«Климат өзгеріп жатыр, аптап ыстық күшейіп барады, сондықтан мұздықтар да еріп жатыр. Алматыдағы қыс та бұрынғыдай ызғарлы емес. Жауған қардың салдарынан мұздықтың бүйірі қармен жабылып, ол азайып барады. Төрт жыл бұрын кең, ұзын еді, биыл кішірейіп қалған. Оның еріп жатқаны білген адамға айқын байқалады, әрине жаздың да әсері бар. Болашақта біздің балаларымыз көре алмауы мүмкін, 10 жылдан кейін Богданович мұздығы мүлде жоғалып кетуі де ықтимал. Қазіргі үлкен мұздықтың бір кішкентай бөлігі қалатын шығар. Бұл мәселені шеше алмайтынымыз өкінішті, тіпті жаны ашитын, немесе шешімін білетін адамдар бар ма? Мүмкін бұл адамның қолынан келмейтін табиғаттағы құбылыс та болар», — дейді Айжан Нұрмашева. 

Фото: Caravan.kz / 2026 жыл, қаңтар

Осылайша жыл өткен сайын Орталық Азиядағы мұздықтар өте жылдам еріп жатыр. 1958 жылдан 2024 жылға дейін Іле Алатауында мұздықтардың ауданы 49%-ға қысқарған. Бұл бастапқы мұз балансының жартысына жуығы. Аймақтың жағдайын бақылау үшін бастапқыда Кіші Алматы шатқалындағы Орталық Тұйықсу мұздығы таңдалды. Себебі ол қолжетімді. Одан алынған деректер Солтүстік Тянь-Шаньның басқа мұздықтарының деградациясын бағалауға мүмкіндік береді. Богданович мұздығы да, Іле Алатауының барлық мұздықтары сияқты, белсенді түрде азайып жатыр.

Бүгінде мұздық – туристер үшін танымал орын. Адамдар мұздың еруінен пайда болған термокарст үңгірлеріне жиі барады. Бұрын бұл мұздықтың біртұтас бөлігі болған, бірақ қазір жекелеген мореналы учаскелер қалған, олар баяу ериді.

Фото: Caravan.kz / 2026 жыл, қаңтар

1915 жылдан 2010 жылға дейінгі салыстырмалы деректер мұздықтың қаншалықты қатты кішірейгенін айқын көрсетеді.

Фото: UNESCO Almaty

Көптеген адамдар бұл бұрын үлкен мұздық болғанын ойламайды, оның массасы мен ауданы ғаламдық жылынудың салдарынан айтарлықтай азайғанын байқамайды. Өңірде пайдалануға болатын тұщы судың үлкен бөлігі еріп кеткен.

Қорытындылай келе, мұздықтар тек әсем табиғат көрінісі ғана емес, өмір мен өңірдің болашағы үшін негізгі ресурс. Біз табиғатты қаншалықты бағаласақ, оны сақтау үшін соншалықты жауапкершілікпен қараймыз.