Дегенмен, ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Дычконың халі жақсарғанын айтып сендіруде, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
«Ваня қазір өзіне келді. Денсаулығы жақсы. Алайда оның шаршы алаңдағы болашағы өзіне ғана байланысты. Әлбетте, физикалық тұрғыда біз оны жарты жылдың ішінде-ақ қайта бабына келтіре аламыз. Бірақ психологиялық тұрғыдан алғанда бұл нокауттан қорытындыны өзі шығаруы тиіс. Жалпы, өз басым, мұндай боксшыны жоғалтып алғым келмейді. Әлі жас. Өмірі алда. Егер бабына қайта келсе, әлем чемпионаттарында да, Олимпиада ойындарында да жеңіске жететін болады. Біз оған 2014 жылдың сәуіріне дейін уақыт береміз. Демалсын, тынықсын, барлығын ұмытсын. Одан кейін не боларын көреміз. Бірнеше турнирге қатыстырамыз да, алдағы уақытта оған үміт артуға бола ма, жоқ па соны шешеміз. Бәрі жақсы болса, Дычко келесі жылы жазғы Азия ойындарына қатысады», — дейді Мырзағали Құланұлы.