Бокстан Азия чемпионы Жанат Жақиянов Гонконг шары алаңында кезекті қарсыласын сұлатты
|
Дүниежүзілік бокс кеңесі тұжырымы бойынша Азия чемпионы қызылжарлық Жанат Жақиянов Гонконг шары алаңында кезекті қарсыласын сұлатып салды. Аса жеңіл салмақта өнер көрсететін жерлесіміз жекпе-жектің екінші раундында индонезиялық Эрик Диас Сирегараны нокаутқа жіберген. Кәсіпқой боксшы ретінде 20 кездесу өткізген 24 жастағы Жанат тек бір бәсекеде жеңіліс тапқан.
Бірінші жеңіл салмақ дәрежесі бойынша әлемнің экс-чемпионы британдық кәсіпқой боксшы Амир Хан, 15-желтоқсан күні америкалық Карлос Молинамен жұдырық түйістіреді. Бұған дейін қатарынан екі рет жеңіліс тапқан Амир Хан, алдағы жекпе-жекке ерекше дайындық үстінде.
Америкалық Дэнни Гарсиядан ұтылғаннан кейін британдық боксшыға өзінің жеке бапкері Фредди Роучпен қоштасуға тура келді. Алдағы матчқа 26 жастағы Амир Ханды әйгілі бапкер Вирджил Хантер дайындауда. Тарихқа жүгіне кетсек, Амир Хан Афины олимпидасының жартылай сынында біздің Серік Елеуовтің алдын орап кеткен екен. Содан бері кәсіпқой боксқа ден қойған тегі пәкстандық жігіт, екі бірдей тұжырым бойынша әлем чемпионы атанып үлгерді. Оның алдағы матчтағы қарсыласы да осал емес. Шаршы алаңда 17 кездесу өткізіп оның бәрінде жеңіске жеткен Карлос Молина, жеті бәсекені нокаутпен аяқтаған.
Қазандық “Рубиннің” бас жаттықтырушысы Құрбан Бердиев жақын аралықта Қазақстан футбол федерациясының кураторы болып тағайындалуы мүмкін.
Соңғы жылдары аяқ алысы ауырлаған қазақ футболы қиын жағдайда екені жасырын емес. Бір кездері Алматының “Қайратында” доп тепкен Бердиев біздің елде табысты еңбек еткен. Бапкер ретінде “Рубинде” бағы ашылған маманға бірден сұраныс артқан. Тіпті қазандық клубты еурокубок жолында өрге сүйреп, сырт алаңда “Барселонаны” ұтқанда талай адам таңдай қаққан еді. Енді сол Құрбан Бердиев Қазақ футболына қайта оралуы мүмкін. Федерация басшылығы қазірдің өзінде бұл жаттықтырушыға қызығушылық білдіруде. Алайда келісім шарт жайлы нақты ақпарат тек қаңтар айында белгілі болмақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін