«Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 518.34
  • 591.06
+15 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатыр

«Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатыр

«Болашақ» бағдарламасы инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық бере бастады.

  • 15 Сәуiр
  • 8
Фото: Jibek Joly

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

— Бүгінге дейін экономиканың түрлі салаларында шамамен 13 мың түлек дайындалды. Мысалы, инженерлік-техникалық бағыт бойынша — шамамен 37%, гуманитарлық бағытта — 55% және басқа салалар бар. Бірақ біз өткен жылдан бастап, жаңа өзгеріс енгіздік және инженерлік-техникалық бағытқа көбірек назар аударуды ұйғардық. Бүгінде гранттар мен стипендиялардың 60%-дан астамын дәл осы салаға бөліп жатырмыз, — деді ол.

Бағдарлама жүргізушісі «Болашақтың» экономика мен қоғамға қосқан үлесі туралы сұрақ қойды және спикер мұндай бағалау кешенді тәсілді қажет ететінін атап өтті.

— Ашығын айтқанда, экономикаға, қоғамға қандай үлес қосты деген сұрағыңыз өте күрделі. Себебі оны әртүрлі жолмен бағалауға болады. Қазір біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, бағалау әдістемесін әзірлеп жатырмыз. Басты мақсатымыз — бағдарламаның қаншалықты тиімді болғанын түсіну. Таза математикалық, экономикалық тұрғыдан қарасақ, «Болашақ» арқылы оқыған азаматтардың еңбек жолы мен стипендияға үміткер болған, бірақ өтпей қалған адамдардың жолын салыстырып, «Болашақ» түлегі мәртебесінің тиімділігін есептегіміз келеді. Қазір осындай зерттеу жүргізіп жатырмыз. Күзге қарай аяқтаймыз деп ойлаймын, — деді ол.

Сонымен бірге, орталық төрағасы медицинада — Мынжылқы Бердіқожаев пен Дмитрий Горбунов, атом энергетикасында — Әсет Махамбетов, IT саласында — Ұлан Қайырбеков секілді түрлі салада жетістікке жеткен түлектерді мысал етті.

— Түлектеріміз өте көп. Әрине, жағымсыз мысалдар да бар, бірақ бұл тұтас бағдарламаның сәтсіз екенін білдірмейді. Сондықтан ауқымды тұрғыда қарап, осындай зерттеулер мен социологиялық өлшемдер қажет деп санаймыз. Сонда ғана нақты сандармен бағдарламамыздың тиімділігін дәлелдеп көрсете аламыз, — деп түйіндеді Ә. Құсманов.