Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК» көлік инфрақұрылымының басқарушы директоры Садыр Есенбековтің түсініктемесіне жүгінсек, бұл жерде Қазақстан мұнайын Бургас (Болгария) — Александрополис (Греция) құбыры арқылы тасымалдау жобасы туралы әңгіме болып отыр. «Бұл құбырды біз қазір мұнайдың басым бөлігі, соның ішінде Қазақстан мұнайының да біраз бөлігі тасымалданатын Босфор және Дарданеллы бұғаздарындағы ауыртпалықты төмендетудің бір мүмкіндігі ретінде қарастырамыз»,- деді С.Есенбеков.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» басқарушы директорының айтуынша, Қазақстан жағы бұл жобаны «Қазақтан мен Қытай арасындағы мұнай құбырын салумен бірге қазақ мұнайын әлемдік нарыққа тасымалдауда Баку-Тбилиси-Жейхан жобасы секілді басымдық берілген жобаларға балама бағыт деп санайды». С.Есенбековтың айтуына қарағанда, «Қазақстандағы бірқатар мұнай өндіруші компаниялардан құрылған» жұмыс тобы Бургас — Александрополис мұнай құбырын «Қазақстан мұнайының экспорттық мүмкіндіктерін біршама арттыратын, тіршілік қабілеті бар» бағыт деп бағалаған.