Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, ауыл ақсақалдары, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Ашылу рәсімінде аудан әкімі жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары ауылдық жерлерде жүйелі түрде іске асырылып жатқанын атап өтті.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалы құттықтау сөз сөйлеп, спорт зал құрылысы белгіленген талаптарға сай әрі сапалы түрде жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына толық мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңа спорт залы ауыл тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуына, спорттық секциялар мен бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастар арасында спорттық мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Жалпы спорт залды «СМК-Атамекен» ЖШС салды. Нысан 0,63 гектар аумақты қамтиды, ғимараттың жалпы көлемі 995,40 шаршы метрді құрайды.
Іс-шара соңында аудан әкімі құрылыс жұмыстарына атсалысқан мердігер ұйымға, сала мамандарына және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, жаңа спорт зал ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.