Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Борат-2" фильмін қолдау мақсатында өткен флешмоб қатысушыларының мемлекеттік туды қорлауына байланысты мәлімдеме жасады.
Еске салсақ, жуырда Австралия жағажайында "Борат-2" фильмін қолдау мақсатында ұйымдастырылған флешмоб қазақстандықтардың ашуына тиді. Видеодан жағажайда жалаңаш билеген бірнеше шетелдіктің Қазақстанның мемлекеттік туын мазақ еткенін көруге болады.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды", — делінген мәлімдемеде.
Мүфтият Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілгенін атап өтті.
"Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған", — деді ҚМДБ-дан.
Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс, деп түсіндірді діни басқарма.
"Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету. Алла Тағала көк туымыздың әрдайым көкте желбіреп тұруын, мемлекеттік рәміздеріміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүруін нәсіп еткей", — деп түйіндеді ҚМДБ.
"Борат" және Қазақстан туы
"Борат-2" фильмінің сюжеті бойынша, ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Бораттың тағы да АҚШ-қа жолы түседі. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейтін болады.
Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды.
Ал британдық комик Саша Барон Коэннің өзі Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдағанын айтты.
"Бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ… Нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел", – деді ол.
29 қазанда алматылық белсенділер АҚШ-тың Бас консулдығы жанында плакат ұстап, ұрандатып, табыт әкеліп пикет ұйымдастырды. Табыттың ішіне Бораттың фотосы салынған, оны АҚШ туымен жауып қойған.
Бұдан бөлек, қазақстандықтар "Мен туымды мақтан етемін" флешмобын ұйымдастырды. Фильмге Қазақстан туын пайдаланып, жарнама жасалуы халық наразылығын тудырды.
Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамада туды пайдалануға қатысты шектеулер барын мәлімдеп, пәтер балконына немесе үй қабырғасына ту ілуге рұқсат беруді ұсынды.