БҚО әкімдігінде қылмыстық ахуал талқыланды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО әкімдігінде қылмыстық ахуал талқыланды

БҚО әкімдігінде қылмыстық ахуал талқыланды

Кеше, 27 маусым күні облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу мен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы өтті.

  • 28 Маусым 2011
  • 365
Фото - Caravan.kz

Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Алқалы жиынды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды.

Отырысты кіріспе сөзбен ашқан облыс басшысы өңірде жалпы қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға, қылмыстың жекелеген түрлерін азайтуға және оны ашуға қатысты біршама жұмыс атқарылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде жалпы қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда 8%-ға азайған.

-Бірақ алынған шаралар әлі де жеткіліксіз деп есептеймін, — деп мәлімдеді Бақтықожа Салахатдинұлы. — Өйткені биылғы 5 айда дене жарақатын салу, зорлау, қарақшылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлығы, бұрын сотталғандардың қайта қылмыс жасауы сықылды келеңсіздіктер жиілеп кетті.

Облыс әкімі Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Шыңғырлау аудандарында жыл басынан бері қылмыстың барлық түрі өршігенін ескертіп, аудан және ауыл әкімдеріне тәртіп, жастармен жұмыс мәселесін қатаң қадағалауға тапсырма берді. Әсіресе, ауыл халқының күнкөріс көзі болып отырған мал ұрлығына тосқауыл қоймаса болмайды.

Отырыста облыстағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы облыстық ІІД бастығы Арман Жалмұханбетов, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Талғат Сәдуақасов баяндама жасады. Ал облыс прокуроры Жақсылық Байтұқбаев отырыста қаралған мәселелерді прокурорлық тұрғыда қорытындылап, сөз сөйледі.

Отырыста айтылғанындай, жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлық бағытында 95 құқық бұзушылық, 25 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Сондай-ақ қызмет өкілдігін теріс пайдалану фактісі 23 мәрте тіркелсе, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етудің 10 оқиғасы анықталған. Облыстық ІІД бастығы А.Жалмұханбетов көше патрулі үшін облыс бойынша 150 қызметкер штаты жетіспейтінін алға тартты. Генералдың айтуынша, мәселені шешудің балама жолы — көшеге орнатылатын бейнебақылау камераларының санын көбейту.

-Ақсай қаласында көше кезекшілігін атқаратын сержант тобы құрамының штатын жергілікті бюджет қаржысы есебінен 10 адамға көбейтуге рұқсат сұраймын, — деді Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкімов. — Бұл тарапта ілкі жобамыз да әзір.

Осы жиында соңғы кезде діни экстремизм қаупінің күшейіп кеткендігі айтылып, жастармен, студенттермен тұрақты жұмыс жүргізу мәселесі тиісті мекеме басшыларына тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар