БҚО мәслихатының сессиясында тасқын судан зардап шеккендерге көмек мәселесі де көтерілді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО мәслихатының сессиясында тасқын судан зардап шеккендерге көмек мәселесі де көтерілді

БҚО мәслихатының сессиясында тасқын судан зардап шеккендерге көмек мәселесі де көтерілді

30 мамыр күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті 32-сессиясы облыс өмірінің сан-салалын қамтыған мәселелерді ортаға салды.

  • 31 Мамыр 2011
  • 503
Фото - Caravan.kz

Сессияға депутаттарға қоса облыс әкімі, орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқармалар мен департамент басшылары қатысты.

Сессияда облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары Айжан Жабалбаева 2010 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы жөнінде жылдық есеппен таныстырып, бекітуді сұрады. Мәслихаттағы тексеру комиссиясының төрағасы Самат Оспанов өткен бюджеттің кемшіліктері мен жетістіктеріне тоқтала келіп, депутаттар жылдық есепті бірауыздан бекітті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин №2 Тайпақ сайлау округінен облыстық мәслихаттың босаған орнына депутат болып сайланған Жасұлан Жақыповты құттықтап, депутат куәлігін табыс етті. Жаңа депутат өз өтініші бойынша облыстық мәслихаттың ұйымдастыру, құқық мәселелері және мәдени саясат бойынша тұрақты комиссиясының құрамында жұмыс істейтін болады.

Депутаттар Ақжайық, Зеленов, Қаратөбе, Тасқала аудандарындағы кейбір елді мекендерді тарату туралы шешім қабылдады.

Облыстық мәслихаттың ұйымдастыру, құқық мәселелері және мәдени саясат бойынша тұрақты комиссиясының төрайымы Зинатбану Мусина мінбеге шығып, өңірдегі бірқатар мәдениет, өнер қайраткерлері қол қойған хаттың мәтінімен жиналғандарды таныстырып өтті. Онда олар әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевтің жетекшілігімен 2003 жылы құрылған Батыс Қазақстан филармониялық оркестрін қаржыландыруды тоқтатып, оның базасында облыстық камералық филармониялық оркестр құру жөнінде мәселе көтерген. «Оркестр Оралға өте сирек келеді. Марат Бисенғалиев Оралдағы оқу орындарында бір де бір рет шеберлік класын өткізген емес. Қазір оркестрде біздің өңірден бір адам жоқ, Өзбекстан, Ресей, Украина, Жапония консерваторияларын бітірген мамандар істеуде. Оркестрге берілген ғимарат, дыбыс жазу студиясы үшін сатып алынған қымбат бағалы аппаратура босқа тұр. Марат Мәскеуде берген соңғы концертінде өз ұжымын «Мумбай оркестрі» деп атапты. Ал оркестр үшін жылына 40 млн. теңге бөлінсе, құрылғалы бері жұмсалған қаржы 400 млн теңге болыпты. Мұның жартысы облыс бюджетінен. Марат үмітті ақтамады. Сондықтан бұл игілікті жергілікті өнер шеберлері, талантты жастар көруі керек». Өнер шеберлерінің ұсынысын бірауыздан қолдаған депутаттар облыс басшысына тиісті шешім шығару үшін ұсыныс жолдады.

Сессияда көтерілген тағы бір маңызды мәселе — тасқын судан зардап шегушілерге көмек туралы болды. «Ақжайық» қорының төрағасы Бауыржан Тұманов қала маңындағы саяжайларда тұрған жандардың көбінде меншік құқығы жоқ, құжаттары толық еместігін айтты. «Сондықтан қала әкімдігі тасқыннан зардап шеккендерге арнап, жалға берілетін үйлерден резервке пәтерлер бөлсе», деді Бауыржан Қанатбайұлы. Әріптесінің ұсынысын депутат Аманжол Зинуллин қызу қостады:

-ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісінің «Бір де бір адам баспанасыз қалмайды. Президент соны тапсырды» деген уәдесін халық естіді. Сондықтан, атқарушы билік, өкілетті билік бір амалын тауып, заңдастырып, жапа шеккендердің барлығына да көмектесудің амалын тапса. Қажет болса, үкіметке, парламентке, Президентке ұсыныспен шығып, осы мәселені заңды түрде реттесек, — деді депутат.

Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың айтуына қарағанда, қалалық әкімдікке баспана сұрап, 2200-ден аса адам өтінішпен келген. Деркөл ауылында 182 үйге күрделі жөндеу керек болса, 79 үй мүлдем жарамсыз.

-Негізгі қиындық — саяжайда тұратындар мәселесі. Бұлар негізінен ауылдан малы мен үйін сатып, қалаға келген, соңғы қаражатына саяжайдан үй салған жандар. Олар бәрінен айрылып отыр. Қазір саяжай аумағында 116 үй күрделі жөндеуге зәру, 96 үй құлап қалды. Көп адамда жердің, үйдің құжаттары жоқ. Тіркеуде тұрғаны — 10 пайыз ғана. Бұл мәселені біз шешуіміз керек. Сондықтан депутаттардың ұсынысын қолдаймын. Жалгерлік үйдің біраз бөлігін резервке қою керек, — деді Самиғолла Хамзаұлы.

Сессия соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алып, тасқын судан зардап шеккендердің жағдайын жүйелі түрде бақылап отырғанын, барынша көмек жасалып жатқанын айтты. «Соған қарамастан кейбір адамдар, топтар қоғамда іріткі туғызып, жағдайды ушықтырғысы келеді. Эвақосындарда тұрып жатқандарға түрлі арандатудан сақ болыңыздар дегім келеді», деді облыс басшысы. Б.Ізмұхамбетов сондай-ақ Тінәлідегі аусыл, Жәнібектегі киік өлімі жөнінде жағдай туралы да айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар