Театрдан Ардақ Нықмұқанованың хабарлағанындай, аталмыш қойылымды Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналап отыр.
Жан Шевренің бұл шығармасы алғаш рет 2000 жылы Париж театрында сахналанды. Аталмыш комедия көркемдік маңыздылығы мен көтерген идеясының көкейкестілігі үшін, ұлттар арасындағы қарым-қатынас тақырыбын ерекше қамтығаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сыйлығына ие болған.
Оның ағылшын тіліндегі атауы «Squat», яғни бос тұрған үйді заңсыз иелену деген мағынаны білдіреді. Бірақ драма тек қана алжирлік жігіт пен поляк қыздың Парижге келіп, дәулетті, жасы келген әйелдің зәулім үйіне рұқсатсыз қоныстануын ғана баяндамайды. Оқиға үлкендер мен жастар арасында өрбитіндіктен, көзқарастар қайшылығы, пікірлер тартысы, дәстүрдің озығы мен тозығы таласқа түседі.
Драма өмір тек қасаң қағида, қатал ережелерден ғана тұрады дегендердің пәлсапасының күлталқанын шығарып, ізгілік, адамшылық заңдары бәрінен үстем тұратынын дәлелдейді.