Жарияланды: 680

БҚО: тасқында уақытша қосындарға орналасқан тұрғындардың жағдайы мәз емес

Батыс Қазақстан облысында тасқын кезінде қауіпсіз жерге көшіріліп, уақытша қосындарға орналасқан тұрғындардың жағдайы мәз емес. Саяжайларды паналап, бұған дейін қалаға тіркеліп үлгермегендер кешеден бері қосындардан қуылып жатыр. Қалғандарының өзі тойып тамақ ішуден қалдық дейді. Ал жергілікті басшылық олардың тұруға жарамсыз боп қалған баспаналарын жөндеуге жәрдем берілмейтінін айтады.

Деркөл мен Шаған арнасынан асып, батыстағы бейжай елдің есін алғаны кеше ғана. Тілсіз жау жағаға жармасқанда үй-күйсіз қаңғырып қалғандар 7 уақытша қосынға жайғастырылған. Қазір соның төртеуі жұмыс істеп тұр. Соның ең үлкені – бұрынғы облыстық балалар ауруханасы. Мұнда әу баста 530 адам орналастырылған. Қазір олардың саны - 487. Бірақ көбісі баспана алып қарқ болып емес, тума-туысты аралап кеткен.

Нығмет ақсақал бұл жерге 17 сәуірде жеткізіліпті. Содан бері мүгедек жан керуетке таңылған күйі жатыр. 48 шаршы метр қара шаңырағы ортасына түскен ол осында жұбайымен бірге. «Жаңа үймен жарылқамаса, жағдайым жоқ» - дейді қария.       

Нығмет Берқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Далада қалмаймын ғой, білмеймін, үйді қашан беретінін.

Саяжайлы аумақтың тұрғындары адуынды екен. Ашуға булығатын да жөні бар. Жергілікті билік уақытша қосынды босатыңдар деп бір қысса, енді онда қалғандары тамақтан да қағылып отыр. Жөндеуге жәрдем берілмейтіні де оларға тайға таңба басқандай айтылған.

Венера Үсенова, Орал қаласының тұрғыны:

-Кешеден бері тамақ берген жоқ. «Палаткаға жатыңдар, үйлеріңді өздерің жөндеп  алыңдар» - деді.  

Жергілікті әкімдік: «Қираған үйлерді  жұрт өздері қайта салмаса, басқа жол жоқ» - дейді. Арнайы келген тексерістің қорытындысы да тұрғындар көңілінің қошын келтірмей отыр.  .

Үйге сыртынан қарасаң, рас, тас үйдің тас-талқаны шықты деп шулау - әбестік. Комиссияның  бұл үйді түсірген суреті бар, өтемақы да осы бойынша төленеді.

Комиссия кірмей кеткен үйдің іші қандай жағдайда екен, кіріп көрелік. Көрген көзде жазық жоқ: тұрмыстық техниканың барлығы батпақта жатыр, қабырғалары құлаған. Мұнда тұрудың өзі бір ерлік.

Қалалық әкімдіктің босағасын аттау бір қиямет. Табандап жүріп тапқан қала әкімінің орынбасары осы жолы ашық айтты: саяжайлы аумақтағылар есік-терезесін ашып, желдетіп, кептіріп, баспанасын жөндесін, табиғи апат бізге ескертпей келді.  Олардың есебінде 179 үйге ағымдағы жөндеу керек, 79 үй бұзылмақ.

Азамат Сафималиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Оларға салынбайды, жөндесін өздері. Бәрі есептелген, комиссияның қорытындысы бар.

Жапа шеккен жандардың жанарлары осы жаққа жәудірейді. 1 тоғыз қабатты, 3 бес қабатты үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Күзге таман  бұл пәтерлер қызыл су қаңғыртып кеткен жандарға үлестірілмек. Ал қаржылай көмек 30  маусымда облыс бюджеті бекітілгенде ғана берілуі ықтимал. Оған дейін оралдықтарға туыстың босағасын бағып, болмаса, уақытша қосындарда жандарын бағуы керек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть