БҚО-да алғаш рет үкіметтік емес ұйым отбасылық ресурс орталығын ашты - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО-да алғаш рет үкіметтік емес ұйым отбасылық ресурс орталығын ашты

БҚО-да алғаш рет үкіметтік емес ұйым отбасылық ресурс орталығын ашты

БҚО-ның Теректі ауданы Юбилейный ауылында «Ақ отау» жанұя орталығы» қоғамдық бірлестігі «Бота» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен «Ауылдың балапаны» атты отбасылық ресурс орталығын ашты.

  • 1 Маусым 2011
  • 545
Фото - Caravan.kz

Жоба жетекшісі, аталмыш қоғамдық бірлестік төрайымы Алтынай Исқалиеваның айтуынша, мұндай орталық облыста тұңғыш рет ашылып отыр. Бұл жобаның еліміздегі балабақшалар мен мектеп жанындағы шағын орталықтардан айырмашылығы — бала тәрбиесіне қоғамдық ұйымның бірінші болып қадам жасауы, яғни үкіметтік емес ұйым облыста бірінші рет балалардың мектепке дейінгі тәрбиесімен айналысқалы отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Сабыровтың мәлімдеуінше, Елбасы білім беру саласына баса назар аударып отыр. Ел ертеңінің тұтқасын ұстайтын жеткіншек тәрбиелеу мақсатында мемлекет өз тарапынан көптеген игі шараларды жүзеге асырып келеді. Енді, міне, үкіметтік емес ұйымдар да бала тәрбиесіне мойын бұра бастады. Орталықты аудан әкімдігі назарда ұстап, көмектесетін болады.

Юбилейный ауылындағы тұрғын үйлердің біріне орналасқан жаңа орталықты республикалық «Бота» қоғамдық қоры қаржыландырып отыр. Ғимаратты жөндеу, жиһаз бен құрал-жабдықтарға, 8 адам жұмыс істейтін мекеменің жылдық шығынына 25 мың АҚШ доллары бөлінген. Сегіз қызметкердің төртеуі ауыл тұрғыны. «Ақ отау» қоғамдық бірлестігі бұл жұмысқа үлкен дайындықпен келіпті. Тәрбиеші мен оның көмекшісі мектепке дейінгі бала тәрбиесінен білім жетілдірген. Медбике, жоғары санатты музыка жетекшісі, логопед маман бар. Орталықта тәрбиеленетін 3-5 жас арасындағы 16 бүлдіршін бір ай бойы бейімделуден өткен. Олар орталықта әзірге күніне үш-ақ сағат болады.

-Бұл жоба ҚР Президенті Н.Назарбаевтың « 2020 жылға дейін әр бала мектепке дейінгі тәрбиені алуға тиісті» деген тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр, — деді Алтынай Исқалиева, — Жобаны ұтып алғанда «орталықты қай ауылда ашсақ екен» деп ойландық. Ал Юбилейный ауылында өмірді өзгертуге әзір адамдар болды, яғни менімен жұмыс істеп жүрген еріктілер мен мүдделестер осы ауылдың адамдары еді. Орталыққа таңдап алынған үйге жөндеу жасалды, үйдің иесімен екі жылға келісім-шартқа отырдық. «Бота» қоғамдық қоры бізді бір-ақ жылға қаржыландырып отыр. Болашақта шағын орталық немесе балабақшаға айналып кете алмасақ, бәрібір ресурстық орталық болып қала береміз.

Республикалық «Бота» қорының бағдарлама маманы Лейла Негимованың сөзіне қарағанда, «Бота» қоғамдық қоры ана мен баланың өмірін жақсарту мақсатындағы әлеуметтік жобаларды қаржыландырады. Мектепке дейінгі білім, өмірдің қиын жағдайына тап келген және мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қорғау, жәрдемақылар мен білім гранттарын берумен айналысады. Бала бір жасқа толғанша мемлекет анаға жәрдемақы төлесе, қор да емшекте баласы бар аналарға ай сайын әлеуметтік төлем беріп келеді. Ал білім гранттары жетімдер үйінің және тұрмысы төмен отбасы балаларына беріледі. «Ауылдық жерлерде мектепке дейінгі балалар тәрбиесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар жоқтың қасы. Юбилейный ауылы облыстың басқа да ауылдарына үлгі болар деп ойлаймын. Бала — біздің болашағымыз. Баланы ерте жастан мектепке дайындап, қоғаммен араласуға бейімдеу арқылы күшті мемлекет құра аламыз. Жоба жақсы нәтиже берсе, біз келесі жылы да қаржыландыруға әзірміз», деді ол.

Соңғы жаңалықтар