БҚО-да азық-түлік бағасы үнемі бақылауда бола бермек - Б.Ізмұхамбетов - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО-да азық-түлік бағасы үнемі бақылауда бола бермек - Б.Ізмұхамбетов

БҚО-да азық-түлік бағасы үнемі бақылауда бола бермек - Б.Ізмұхамбетов

Бүгін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Орал қаласының бірқатар базарларында болып, азық-түлік бағасының мән-жайымен танысты.

  • 8 Маусым 2011
  • 511
Фото - Caravan.kz

Бақылауды «Алтын алма» көтерме сауда орталығынан бастаған облыс әкімі ет, астық өнімдері, жұмыртқа, сұйық май, көкөніс пен жеміс-жидектің құнына назар аударды. Бақтықожа Салахатдинұлы тұтынушылар үшін кейбір сауда нүкелеріндегі тауар бағаларының көрсетілмегенін де сынға алып, базар әкімшілігіне аталған мәселенің тәртіпке келтірілуін талап етті. Бұдан соң облыс әкімі «Ел ырысы» коммуналдық көтерме-бөлшек сауда базарын аралап, азық-түлікпен қатар қой бағасының да құнын білді. «Ел ырысында» ұсақ малдың бағасы 16 — 25 мың теңге аралығында. «Караван», «Әмбебап» сауда орталықтарына аялдаған облыс басшысы барлық тағам түрлерінің, әсіресе, ет пен нан бағасының тұрақтылығына ерекше көңіл бөлді. Басқа сауда орындарына қарағанда «Әмбебап» дүкеніндегі ет бағасының жоғары екендігін байқаған Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл мәселені тиісті мекеме басшыларының қаперіне салды.

-Бүгін төрт үлкен сауда орталығында болдық. Осы көктемде ет бағасының едәуір қымбаттағаны белгілі. Қазір түсіп жатыр. Мысалы, «Ел ырысында» сиырдың еті 850 теңге,сүйексіз еті 950 теңге тұрады, басқа сауда орталықтарында азғантай айырмашылықтар бар. Бірнеше айдан бері әр сенбіде «Ел ырысында» аудандардан, шаруа қожалықтарынан әкеліп, арзан бағамен ет сатып отырмыз. Еттен басқа нан өнімдері, азық-түліктің оншақты түрі жәрмеңкеде арзан бағамен сатылуда және ол жалғаса береді. Қиярдың бағасы 250, қызанақ 280- 300 теңге тұрады, ал қырыққабат 60 теңгеге дейін арзандаған. Бұл — біздің осы бағыттағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Әрине, барлығы бірдей шешіліп болған жоқ, картоп пен пияздың бағасы едәуір қымбаттады. Картоп бағасының 140 теңгеге көтерілу себебі былтырғы жылы егіннің шықпай қалуына байланысты жеткілікті мөлшерде қор жинай алмадық. Және бұрын картопты Башқұртстаннан әкелетінбіз, өткен жылы оны сатып ала алмадық. Биыл егіс алқабының көлемін едәуір ұлғайтып, көкөніс мәселелеріне үлкен көңіл бөліп отырмыз. Осылайша бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Көптеген ауыл-аймақтарда ет өнімдерінің бағасы арзандау, мысалы, Жәнібекте баға қалаға қарағанда әлдеқайда төмен.

Азық-түлік бағасын шарықтатпай ұстау Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметке берген тапсырмасы болғандықтан, қатаң қадағалауда болады. Әр айда Үкімет басшысына селекторлық жиында облыстағы азық-түліктің бағасы туралы мәлімет беріп отырамыз. Біздің соңғы жылдарда жасаған жұмысымыздың бірі көкөніс сақтайтын үлкен қоймаларды іске қостық. Осының арқасында біз қыс, көктем мезгілдерінде көкөністің қымбаттамауына мүмкіндік жасаудамыз. Жылыжайдың саны да көбейетін болады. Бүгін таңертең газ турбиналық электр стансасының жанынан салынып жатқан жылыжай жөнінде тиісті кәсіпорын жетекшілері В.Каркула мен С.Потиченконы қабылдап, осы мәселе туралы мәлімет алдым. Биыл күзде үлкен көлемді жылыжай пайдалануға беріледі,-деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар