Жарияланды: 510

БҚО-да мал ұрлығы азаймай отыр

БҚО-да мал ұрлығы азаймай отыр. Бұл туралы облыс прокуроры Жақсылық Байтұқбаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің мәжілісінде айтылды.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мал ұрлығы 2009 жылмен салыстырғанда, 38,8 пайызға (121-ден 168-ге) өсуіне байланысты бұл мәселе үйлестіру кеңесінің мәжілісінде өткен жылы да талқыланып, нақты шаралар қолға алынған болатын. Биылғы мәжілісте аталып өтілгеніндей, БҚО Ресейдің бес бірдей аймағымен (Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор) шектеседі. Шекаралас елді мекендерде қараусыз мал өзге елдің жеріне асып кетеді. Мал иесі өздігінсіз ол жаққа аяқ баса алмайды. Барса, шекарашылар ұстап, жауапқа тартады. Осы мезгілде иесіз малды ресейлік азаматтар етке сойып, сатып та жібереді. Сондықтан малды орталықтандырылған түрде бағу және сақтау мақсатында 2009 жылы БҚО ішкі істер департаменті «Қауіпсіз ауыл» бағдарламасын қолға алды. Қазіргі кезде 160 ауылдық округ пен 835 елді мекенде 1898 бақташы бар. Дегенмен бұл да мәселені түбегейлі шешпей тұр. Мал ұрлығы облыстың алты ауданында, атап айтқанда, Ақжайықта 13-тен 18-ге (38,5 пайызға), Бөрліде 5-тен 11-ге (120 пайызға), Жаңақалада 1-ден 10-ға (900 пайызға), Жәнібекте 1-ден 3-ке (200 пайызға), Зеленовта 10-нан 16-ға (60 пайызға), Қазталовта 5-тен 7-ге (40 пайызға) өсіп отыр. Прокурорлар 67 мал ұрлығын (2010 жылы - 47, биылғы бірінші тоқсанда - 24) есепке қойды. Әсіресе, Бөрлі ауданында 32, Зеленовта 8, Ақжайықта 11, Сырымда 7, Жаңақалада 3, Бөкей ордасында 4, Теректі мен Тасқалада 2, Қазталов пен Қаратөбеде 1 қылмыстан жасырылған. Талдау көрсеткеніндей, ішкі істер органдары ашылуы қиын мал ұрлығын жасырып қалуға тырысады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть