Батыс Қазақстанда үш күнде 13 қылмыс жасаған екі жігіт ұсталды, деп хабарлады Caravan.kz медиа порталы Halyq Uni басылымына сілтеме жасап.
Орал қаласы ПБ Шаған полиция бөлімінің қызметкерлері 15-18 қаңтар аралығында 13 қылмыс жасаған 2003, 2004 жылғы күдіктілерді ұстады. Олар оңай олжа табуды көздеп, қала аумағындағы барлық шағын аудандарды аралап, ондағы автокөліктерден аккумулятор мен автомагнитолла, өзге де көлік иелеріне тиесілі жеке заттарды ұрлаған.
Мәселен, 15 қаңтар күні түнгі сағат 23:00-де күдіктілер Зачаганск шағын ауданындағы жер үйдің ауласында тұрған Audi автокөлігінің салонына еркін түрде кіріп, аккумулятор мен 10 литрлік темір канистр ұрлаған. Ал, 16 қаңтарда Зачаганск шағын ауданындағы жер үйдің ауласында тұрған ВАЗ 2107 автокөлігіне еркін кіріп, магнитофон, аккумулятор, 2 дана дыбыс зорайтқыш, артық дөңгелек сынды бұйымдарды қолды қылған.
Шаған полиция бөлімінің сақшылары күдіктілерді ұстады. Үш күнде 13 ұрлық дерегіне қатысы бар олар ұрлық жасағандарын толық мойындады. Олардан ұрлаған барлық жеке мүлік тәркіленді.
Осы қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілердің есепке алынбағаны, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.