БҚО-да жыл басынан бері ұрлық оқиғалары көбейіп отыр
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері ұрлық оқиғалары көбейіп отыр. |
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1 қаңтар күні сағат 13.00 кезінде белгісіз біреу Орал қаласындағы Верхняя көшесіндегі №26 үйдің пәтерлерінің біріне еріксіз кіріп, 1981 жылы туған О. есімді әйелдің қол сөмкесінен жасырын 500 АҚШ долларын, 2100 рублін, 84 мың теңге ақшасын және «Нокиа» маркілі ұялы телефонын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын 164 мың теңгені құрап отыр.
Полицияның із кесуі нәтижесінде ұрлыққа барған азамат анықталып, құрықталды. Ол 32 жасар бұрын сотталған Г. деген болып шықты.
Келесі күні Д.Нұрпейісова көшесіндегі «Азық-түлік» дүкенінің терезесі арқылы ішке енген белгісіз біреулер жалпы құны 138 490 теңге болатын азық-түлік, арақ-шарап, темекі бұйымдарын ұрлаған. Болған оқиға туралы полицияға дабыл түскен бойда оқиға орнына аттанған жедел тексеру тобы іздестіру шараларын жүргізе отырып, ұрылардың 1992 және 1995 жылы туылған, бұған дейін істі болып, сотталған ағалы-інілі А. және С. екендігін анықтады.
5 қаңтар күні түнгі сағат бір шамасында Жаңақала ауылындағы А.Оразбаева көшесіндегі үйлердің бірінің мал қорасынан белгісіз біреу үй иесінің екі қойы мен ешкісін ұрлап алып кеткен. Болған оқиға туралы мал иесі сол бойда жергілікті полицияға хабарласқан. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде ұрының аты-жөні анықталып, қолынан ешқайда кетпеуі туралы қолхат алынды. Ұрланған мал иесіне қайтарылды. Енді бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалуда.
5 қаңтарға қараған түнде Оралға қарасты Круглоозерный ауылында көлік ұрлау оқиғасы орын алды. Ауыл тұрғыны зейнеткердің «Нива» көлігі тұрған гаражының есігін бұзып кірген біреулер зейнеткердің «темір тұлпарын» белгісіз бағытқа айдап, алып кеткен. Полиция қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары барысында ұрылар алысқа ұзамады. 1990 және 1987 жылы туған осы ауылдың екі тұрғыны қолға түсті. Ал ұрланған көлік иесіне қайтарылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін