Бразилияның футболшылар кәсіподағы Халықаралық футбол федерациясынан (ФИФА) алдағы әлем чемпионаты кезінде қатты ыстықта футбол ойнауға тыйым салуын талап етуде, деп жазады РИА Новости. Әлем чемпионаты осы жылдың 12 маусым — 13 шілде аралығында Бразилияның 12 қаласында өтеді: Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаус, Форталеза, Натал, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куяба, Куритиба. Салвадор, Ресифи, Форталеза, Натал, Манаус, Бразилиа және Куяба сынды қалаларда күндіз ауа температурасы 30 градустан асып кетеді. Ойыншылар кәсіподағының пікірінше, бұндай аптап ыстықта ойнау футболшыларды неврологиялық ауруларға шалдықтыруы, тіпті өліміне себепкер болуы мүмкін. ФИФА бұл талаппен келіскен жағдайда мундиальдың 19 матчының кестесін өзгертуге тура келеді.