Көрмені ұйымдастырушылардың бірі, «Liberty Communication» компаниясының жетекшісі Светлана Попова айтып өткендей, бұл жобаның негізгі мақсаты Еуропалық Одақ пен ТМД елдері арасындағы мәдениетаралық диалогтың дамуына көмек көрсету. «Бұл жерде қазақстандық екі суретшінің, Беларустан келген екі суретші мен Ресейдің екі суретшісінің туындыларын көруге болады. Біздің осылай ұйымдастыруымыздың себебі, бұл суретшілердің қайнар көздері бір, алғашқы сурет мектептері де ұқсас. Кейін олардың әрқайсысы жеке жол таңдап, өнердегі өз бағыттарын іздеді. Қазір міне, ол ізденістің нәтижесі көрініп тұр», — деп атап өтті ол.
С.Попованың айтуынша, осы көрмені ұйымдастыруда Қазақстан, Беларус, Ресей мен Германия Елшіліктері, сонымен қатар Еуропалық комиссия көп үлес қосты.
Жиналған қауымның алдында сөз алған Бельгиядағы ҚР елшілігінің елші-кеңесшісі Ержан Қыстафиннің айтуынша, бұл көрме мақсаты — Қазақстан, Ресей мен Беларус өнерін, мәдениетін паш ету.
17 ақпанға дейін созылатын көрмеде Марат Бекеев, Евгения Ягер, Нина Ступина, Игорь Тишин мен Наталья Залозная сияқты суретшілердің әртүрлі бағыттағы 30-ға жуық туындысын көруге болады.