Брюссельде Солтүстік Атлантикалық Альянсқа жаңадан біріккен жеті мемлекеттің туын көтеру рәсімі басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Брюссельде Солтүстік Атлантикалық Альянсқа жаңадан біріккен жеті мемлекеттің туын көтеру рәсімі басталды

Брюссельде Солтүстік Атлантикалық Альянсқа жаңадан біріккен жеті мемлекеттің туын көтеру рәсімі басталды

Солтүстік Атлантикалық Альянстың (НАТО) Брюссельдегі бас пәтерінің жанында одаққа жаңадан біріккен жеті елдің мемлекеттік байрағын көтеру рәсімі басталды. Бұл шарамен аталмыш мемлекеттерді Одаққа ресми қабылдау шаралары аяқталады.

  • 2 Сәуiр 2004
  • 679
Фото - Caravan.kz

Рәсімге ұйымға жаңадан мүшелікке өткен Болгария, Румыния, Словакия, Словения, Латвия, Литва және Эстония мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері, альянсқа мүше басқа да 19 мемлекеттің дипломатиялық мекемелерінің басшылары мен Солтүстік Атлантикалық Альянстың бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер қатысуда. Бүгін сондай-ақ, одаққа жаңа елдердің бірігуіне орай Солтүстік Атлантикалық Альянсқа мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің жиыны өтеді.

Шығыс-Еуропалық жеті мемлекет 2004-жылдың 29-наурызында Альянстың ресми мүшелері санатына қосылды. Сол күні Вашингтонда Солтүстік Атлантикалық Альянсқа жаңа елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі хаттамаларды тапсыру рәсімі өтті. Солтүстік Атлантикалық келісімге енгізілетін түзету түріндегі құжаттар АҚШ Мемлекеттік департаментінде сақталады.
Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігі келтірген бақылаушылардың болжамы бойынша, Одақ қатарының толығуы нәтижесінде Солтүстік Атлантикалық Альянстың қарулы күштерінің құрамы 190 мың әскериге артады. Оларды АҚШ альянстың қолбасшылығы астында Косово, Босния, Ауғанстан және Ирактағы көпұлтты коалицияның операцияларына қатыстыруды көздеп отыр.
Словениядан басқа НАТО-ға мүшелікке өткен барлық елдер АҚШ-тың басшылығымен құрылған халықаралық контингент құрамында өз әскерлерін Иракқа жіберді. Сондай-ақ, бұл мемлекеттер альянстың талабы бойынша қарулы күштерінің санын анағұрлым қысқартып, қазіргі заманғы қару-жарақпен жабдықталған, мобильді топтар құруға ден қоя бастады. Солтүстік Атлантикалық Альянс сондай-ақ, келешекте Одаққа бірігуге құлшыныс танытқан Словениядан басқа елдерден қорғаныс саласына Ішкі Жалпы Өнімнің 2 процентінен кем емес мөлшерде қаржы жұмсауды талап етуде.
Солтүстік Атлантикалық Альянсқа мүшелікке өткен елдердің тұрғындарына арнап теледидар арқылы мәлімдеме жасаған ұйымның бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер бүгінгі күнді «тарихи күн» деп атады. «Сіздің мемлекеттер тарих оқулығында жазылатын елеулі қадам жасады. Бұдан былай сіздер Солтүстік Атлантикалық Альянстың тең құқылы мүшесіміз деп зор мақтанышпен айта аласыздар»,- деді ол.
АҚШ Солтүстік Атлантикалық Альянстың негізгі қарсыласы — халықаралық лаңкестік деп мәлімдеуде. Алайда, EuroNews хабарына жүгінсек, одақ аясының кеңеюі ұйымның шығыс шекарасынан тысқары жерлерде алаңдаушылық туғызуда. Ресей бұл елдерді Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы Келісім-шартына бірігуге шақырады.
Ал Одақ болса өз кезегінде наразылыққа ешбір себеп жоқ дегенді алға тартады. Ұйымға мүшелікке өткен елдердің арасындағы ең ірі мелмекетке саналатын Литва Еуропалық Одақ пен Солтүстік Атлантикалық Альянсқа бірігу әскери және саяси тұрғыда республиканың Ресейге тәуелділігі кемиді деп ашық мәлімдеп отыр.
Бұған дейін Солтүстік Атлантикалық Альянстың шекара аясы 1999-жылы кеңейтілген. Ол кезде Чехия, Польша және Венгрия мемлекеттері Одаққа мүшелікке өтті.

Соңғы жаңалықтар