Бүгін 340 мың балғын мектеп табалдырығын аттады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін 340 мың балғын мектеп табалдырығын аттады

Бүгін 340 мың балғын мектеп табалдырығын аттады

Бүгін еліміздің мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды! 2 жарым миллион оқушы 3 айға созылатын демалыстан оралып, қайта парталарына жайғасып жатыр. Биыл мектепке алғаш қадам басып, әліппе ұстаған бала саны да әдеттегіден көп - 340 мың шамасында. Бұл күні сондай-ақ Астанада қазақ және ағылшын тілдерінде оқытатын жаңа білім ұясының тұсаукесер рәсімі өтті.

  • 2 Қыркүйек 2015
  • 557
Фото - Caravan.kz

Дәл осылай бүгін елдегі 7 жарым мың мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Демек, бұл — оқушылардың жазғы демалысы тәмамдалды деген сөз.    

— Пай-пай-пай, бірінші сыныпқа қуанышпен ерекше, шаттана біздер барамыз!

Ал бұл — Алматыдағы ең үздік мектептердің бірі — Мұқағали Мақатаев атындағы №140-шы гимназияның жас шәкірттері. Биыл мұнда алғаш білім табалдырығын аттап, бірден 200 бала 1-ші сыныпқа келіп тұр екен. Соның қатарында – 6 жасар Нұрилә да бар. 

Нұрилә Садыш, 1 сынып оқушысы: 

— Қуаныштымын! – Жақсы оқисың ба? – Иә!

Ерғали Әуелхан, Алматы қаласының тұрғын:

— Қызымыз биыл алғашқы қадамын жасап, мектепке барып отыр. Жарқын болашақ тілейміз. Жақсы азамат болып шығады деген ниеттеміз!

Мұндағы балғындарға Алматы әкімі Бауыржан Байбек те жақсы тілегін айта келіпті. Үш баланың әкесі, әсіресе, бүлдіршіндерін 1-ші сыныпқа жетектей келген ата-ананың қуанышына ортақ.  

Бауыржан Байбек,  Алматы қаласының әкімі:

— Бізді де кезінде мектепке барған кезде ата-анамыз жетектеп келетін. Ал енді мына орта буын ата-аналарымыз  бәрі келіп, балаларын 1-ші сыныпқа әкелген кезде шынында да ол ерекше күн деп ойлаймын.

Жиыннан кейін әкім мектептің ішкі тынысын да бір барлап шықты. Кем-кетігі болса, көмек бермекке уәде етті. 

— Мен физика пәтінің мұғалімімін. – Не бітірдіңіз? – Абай атындағы Педагогикалық университетті. – Табысты болыңыз! Рахмет!

Ұстаздармен тілдесу бүгін Астанада да өтті. Мұнда Бас мұғалім – Аслан Сәрінжіповтің қатысумен жаңа гимназияның тұсауы кесілді. «Astana English School» атауына ие білім ордасы негізінен қазақ және ағылшын тілдерінде 1200 оқушыға дәріс бермек.


Асылан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Мектепте кейбір пәндер ағылшынша оқытылады. Өйткені бұл жаңа заман талабы. Бізге Елбасы тапсырма берді. Осы 3 тілді дамытуымыз керек. Сабақ «Менің отаным Қазақстан» деген тақырыппен басталады. Ол сабақты өткізу үшін Елбасымыз әрбір бірінші сынып оқушысына сыйлық ретінде сондай кітап беріп жіберді.

Сонымен, бүгін 2 жарым миллион оқушы қайта сабаққа оралса, 340 мыңға жуық бүлдіршін 1-ші сыныпқа қадам басқан. Оның 26 мыңы Алматы, 13 мыңы Астананың еншісінде. Бір айта кетерлігі, шалғайдағы ауылдарда әлі де 3 ауысыммен оқитын мектептер бар. Әрі оқулық жағы да түбегейлі шешіле қойған жоқ. Бірақ Білім министрлігі қыркүйектің соңына дейін бар мәселені түбегейлі реттеуге уәде беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар