Бүгін Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысқандарға құрмет көрсету күні
Бүгін Чернобыль АЭС-тегі апаттың салдарын жоюға қатысқандарға құрмет көрсету күні. |
1986 жылдың 26 сәуірінде атом электростансыларындағы ірі апаттардың бірі - Чернобыль АЭС-індегі апат орын алды.
Чернобыль апатының салдарынан Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оқшауландырылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті.
2006 жылдың 10 қарашасы күні Украина Президентінің Жарлығымен естелік датасы - Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысқандарға құрмет көрсету күні бекітілді, ол жыл сайын 14 желтоқсан күні атап өтіледі.
14 желтоқсанды өздерінің мерекелері санайтын мамандар бұл күнді көптен бері Ликвидатор күні деп атайды. 1986 жылы ликвидацияға қатысушылар бас қосып, алғашқы жеңістерін атап өтті. Себебі, барлық қиындықтарға қарамастан апат салдарын жоюға қатысқандардың өздері 14 желтоқсанды мереке деп санайды. Чернобыль АЭС-тегі апатты жоюға бүкіл Кеңес одағынан 650 мыңнан астам адам тартылды. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар.
Бұл күнді Ресей де ресми мереке ретінде бекітті. 2012 жылдың сәуірінде РФ Президенті Дмитрий Медведев Естелік даталар туралы федералдық заңға өзгерістер енгізіп, оған сәйкес, Ресейде жаңа дата - Радиациялық авариялар мен апаттардың салдарын жоюға қытысушылар мен осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні пайда болды. Ол жыл сайын 26 сәуір күні атап өтіледі.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін