Бүгін экс-премьерді бостандыққа шығару туралы шешім орындалады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін экс-премьерді бостандыққа шығару туралы шешім орындалады

Бүгін экс-премьерді бостандыққа шығару туралы шешім орындалады

Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовтің нақты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы Қарағанды облысы Абай аудандық сотының қаулысына апелляциялық шағым түспегендіктен, сот шешімі заңды күшіне енді. 

  • 21 Қыркүйек 2017
  • 230
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Прокуратура Ахметовті бостандыққа шығару туралы шешіммен келісіп, қарсы шағым түсірмеді. Сондай-ақ прокурорлар нақты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру мәселесі қаралған 5 қыркүйек күнгі сот процесі барысында сотталушы Ахметовтің өтінішіне де қолдау білдірген болатын.

21 қыркүйек күні таңертең сот қаулысы шұғыл түрде орындалу үшін Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Абай ауданы Қарабас кентінде орналасқан АК 159/18 колониясының әкімшілігіне тапсырылады.

Ахметов 2016 жылдың 11 маусымы күні жақсы тәртібі және мекеме қабырғасында тәрбиелік шараларға белсенді қатысқаны үшін жазаны өтеудің жеңілдетілген түріне көшірілген болатын.

2017 жылғы 5 қыркүйекте бұрынғы Үкімет басшысына жазаның өтелмеген 4 жыл 26 күні осындай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына алмастырылды. Серік Ахметов бұл мерзімді тұрғылықты жері бойынша өтейді.

Еске салайық, 2015 жылдың 11 желтоқсанында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да тұлғаларға қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Үкімге сәйкес, бұрынғы С. Ахметов ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету), ҚР ҚК-нің 310-бабының 3-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану), ҚР ҚК-нің 310-1-бабының 3-бөлігі (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ оған мүлкін тәркілеу және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айыру белгіленді. С.Ахметов сот залында қамауға алынды. 


Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты 2016 жылдың 14 наурызында жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды.

Қарағанды облысының Абай аудандық соты 2017 жылдың 19 қаңтарында Ахметовке қатысты «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес рақымшылық жасап, оның жазасының өтелмеген төрттен бір бөлігін 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқартты.