Бүгін «Халықтық IPO» бағдарламасы іске аса бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін «Халықтық IPO» бағдарламасы  іске  аса бастады

Бүгін «Халықтық IPO» бағдарламасы іске аса бастады

Бүгін еліміздегі ең ірі мұнай тасымалдаушы компанияның акцияларын сатып алуға келген тұрғындар жер-жердегі «Қазпошта» ғимаратына сыймай қалды. Акционер атанғысы келетіндердің көп болғаны соншалық өңірлерде ұзын-сонар кезек. Мұндай тосын кедергілерге қарамастан жарнамасы жер жарған  «Халықтық IPO» бағдарламасы бүгін өз деңгейінде басталып кетті.

  • 7 Қараша 2012
  • 447
Фото - Caravan.kz

Астанадағы «Қазпоштаның» бөлімшесінде қызу қарбалас. Жасы да, үлкені де ұлттық компанияның үлесіне қол жеткізу үшін таңнан бері осында  ағылып жатты. Ал мына қариялар әдеттегідей зейнетақысын күтіп отырған жоқ. Жиып-терген соңғы қаржысына акция сатып алып шот ашпақ.

Базархан Жүсіпұлы, Астана қаласының тұрғыны:

Бала-шағама, немереме, жалпы үйдегі балаларға да өмірлік ақша ғой  әйтеуір. Мұнайдан түскен ақшаның дивидентін береміз деп жатыр. Бізде халықтан қалмайық деп алып жатырмыз.

Ал Базархан қарияның Ақтөбедегі құрдасы да қатардан қалғысы жоқ. Халел Баймолда қалтасынан 72 500 теңге шығарып бүгін бірден 100 акция сатып алды. 84 жастағы ақсақал құнды қағазының қызығын көреріне сенімді.

Халел Баймолда, Ақтөбе қаласының тұрғыны: 

Өзім күшім келгенше, әлім келгенше қолдау білдірейін деп отырмын. Жүз акция аламын. Енді беріп жатқан дивиденттеріне қанағаттанамын. Дивидент керек қой бала-шаға бар деген сияқты.

Ақтөбеліктер де құнды қағаз алуға жанталасып жатыр. Басқа басқа мұнайлы өлке халқының акциямен жұмыс істеуде тәжірбиесі мол. Белсенділік танытып жатқаны да содан. 


Серік Берденов, «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директоры:

Осы күні «Ақтөбемұнайгаз», қазіргі «СНПС» үлкен дивиденттер төлеп жатыр ғой. Қомақты ақшалар шығарылып жатыр. Оны көрген біздің мұнайлы өлкенің адамдары мына программаға белсенді қатысып жатыр.

Алғашқы боп сатылымға түскен еліміздегі ең ірі мұнай тасымалдаушы «ҚазТрансОйл» компаниясының бір акциясының құны 725 теңге. Бірақ экономистердің айтуынша, қор нарығында қатер көп. Бірінші тәуекел валюта бағамына қатысты. Курс құбылса салымшы межелеген қаржысынан қағылып қалуы да мүмкін. Тағы бір қауіп жыл сайын төленетін дивидентке қатысты. Оны түскен табысына қарай бас акционердің өзі белгілейді.Тәуелсіз сарапшылар құнды қағаз сатып алушылар осының барлығын ескеруі керек дейді. Алайда, тәуекел еткен тайынбас. Бүгін бар-жоғы үш сағаттың ішінде ірі мұнай тасымалдаушы компанияның акциясын сатып алуға тұрғындардан 86 млн теңгеге өтініш түскен. Өтініш қабылдау 5 желтоқсанға жалғасатынын ескерсек, бұл соманың көлемі әлі едәуір өсуі ғажап емес.

Соңғы жаңалықтар