Жарияланды: 600

Бүгін ҚР Мемлекеттік әнұранының мәтінін жазған Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына - 77 жыл

Бүгін - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденов дүниеге келген күн.

Ж.Нәжімеденов 77 жыл бұрын (1935-1983) Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ұлт аспаптары факультетін, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген. 1959-1965 жылдары - «Жазушы» баспасының кіші редакторы, 1965-1966 жылдары - республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі. 1966-1971 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1974-1978 жылдары - Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрген. «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Темірқазық», «Менің топырағым» кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы, «Мен - тамырмын» дастандары, «Қасірет пен қайсарлық», «Жұмекен», «Жаңғырық», «Жарық пен жылу», «Весенние ветры», «Мен туған күн», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Тебе говорю, потомок» толғау, поэмалары мен жырлары, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарының авторы. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет ел тілдеріне аударылған. 2006 жылы 7 қаңтарда халық санасына сіңіп, жүрегіне жылы ұялаған Шәмші Қалдаяқовтың әніне, Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Ол алғаш рет Елбасын ұлықтау рәсімі кезінде орындалды. Ақынның есімі өзінің туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауылға берілген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін