«Бүгінгі қазақстандық террорист кім?» - республикалық басылымдарға шолу
Кеше EXPO Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Парижде өткен 152-сессиясында ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетін болып шешілді. ХКБ-ға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде Астананы 103 ел қолдап шықты. Осы қуанышты хабар «Егемен Қазақстан» газетінде «Елбасының тағы бір ерен жеңісі! Қазақстанның кезекті биік белесі!» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан Президенті |
Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына дауыс берудің қорытындысы бойынша қазақстандықтарға сөз арнады. Мемлекет басшысы өз сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу туралы шешім тарихи оқиға болып саналатынын атап көрсете келе: «ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлықтың ондаған елінен миллиондаған адам қатысады. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананы таңдауы - Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі», - деді.
Үстіміздегі жылғы 22-29 қараша аралығында Астанада Қазақстанның бокстан ерлер арасындағы кезекті біріншілігі өтеді. Бұл чемпионаттың ерекшелігі, онда көп жылдардан бері алғаш рет баяғы бір кездердегідей былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға қорғаныс шлемдерінсіз шығады. Мұнда, сондай-ақ, ұпай есептеудің жаңа тәсілі қолданылады. Осы додаға орай «Егемен Қазақстан» газеті даңқты боксшы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, АИБА атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаевты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біз біріншілік барысында әртүрлі қолайсыз жайттардың орын алмауы үшін барымызды саламыз. Әлбетте, доданың жаңа ережеге сай өтуі төрешілер үшін де, боксшылар мен олардың бапкерлері үшін де айта қаларлықтай қиындықтар мен күрделі сәттер әкелуі мүмкін. Дегенмен, қазақстандық төрешілер корпусының осы кезге дейін біраз сыннан өткен тәжірибелі мамандардан құралатынын еске ала отырып, олардың біліктіліктері ешбір сыр бермесіне сенгім келеді»,- дейді. Сұхбат «Әуесқой боксты үлкен өзгерістер күтіп тұр» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Парламент Мәжілісінде өткен халықаралық конференцияда еліміздің Бас прокуратурасы алғаш рет қазақстандық террористің жиынтық бейнесін суреттеп берді. Осы жиында Қаржы министрлігінің құрамындағы Қаржылық мониторинг комитетінің 200-дей ұйым мен тұлғаны терроризмді қаржыландыруға қатыстылыққа тексергендігі жарияланды. Тағы бір жаңалық: тек биылғы жылы ғана арнайы қызметтер 24 террактінің алдын алыпты! «Бүгінгі қазақстандық террорист кім? Бұл сұраққа өзіміздің статистикаға жүгіне отырып, жауап бергім келеді. Сотталған терроршылардың 60%-дайы - 29 жасқа дейінгі адамдар. Басқаша айтқанда, террористер - жастардың өкілдері. Олардың барлығы дерлік, нақтырақ айтқанда, 95%-ы - жұмыссыздар. Осылайша Қазақстандағы терроршының жиынтық портреті салынады: бұл - өмірде өз орнын табуға ұмтылған, көбінесе жұмыссыз, оның үстіне білімі де, алда қандай да бір перспективалары да жоқ жас адамдар», - деді алқалы жиында сөз сөйлеген Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Мақала тақырыбы - «Бүгінгі қазақстандық террорист кім?».
2012 жылдың 8 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» арнайы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осылайша, Елбасының тікелей тапсырмасы негізінде еліміздің тарихында алғаш рет құқық қорғау жүйесінің жаңа кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытында кең де ауқымды іс-шаралар бастау алған еді. Міне осы ретте кезектен тыс аттестаттау тиімділігін көрсетті ме деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Осы және басқа да сауалдарға «Айқын» газетінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков жан-жақты жауап берген. «Рас, елімізде күніне қаншама қылмыс тіркеледі, қанша адамның құқы тапталып жатыр? Осы заңсыздықтың барлығы жабулы күйінде қалмайды, дер кезінде ашылып, қаныпезерлер тиісті жазаға тартылуда. Бұл тұста полиция қызметкерінің арқалаған жүгі - ауыр, міндеті - салмақты. Бірақ неге екені беймәлім, көбіне-көп халық олардың шалыс басып, кем кеткен тұстарын ғана көрсетуді әдетке айналдырып алған», - дейді генерал-майор «Аттестаттау - үлкен сабақ қатал әрі әділ сын» деген тақырыппен берілген сұхбаты барысында.
***
«Литер» газетінің бүгінгі санында «В поисках доверия» деген тақырыппен жарияланған мақалада отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен күш-қуат құрылымдары арасында еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің бастамасымен өткен жиын жайында баяндалады. Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Марат Тажиннің пайымынша, күш-қуат құрылымдары мен журналистер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл ретте екі тараптан да зор кәсібилік талап етіледі.
Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 9 айында «Әділ сөз» қорының деректеріне сәйкес редакциялар мен БАҚ өкілдеріне 15 рет шабуыл жасалған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін