Caravan Logo

«Бүгінгі қазақстандық террорист кім?» - республикалық басылымдарға шолу

«Бүгінгі қазақстандық террорист кім?» - республикалық басылымдарға шолу


Үстіміздегі жылғы 22-29 қараша аралығында Астанада Қазақстанның бокстан ерлер арасындағы кезекті біріншілігі өтеді. Бұл чемпионаттың ерекшелігі, онда көп жылдардан бері алғаш рет баяғы бір кездердегідей былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға қорғаныс шлемдерінсіз шығады. Мұнда, сондай-ақ, ұпай есептеудің жаңа тәсілі қолданылады. Осы додаға орай «Егемен Қазақстан» газеті даңқты боксшы, Мәскеу Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, АИБА атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының вице-президен­­­ті Серік Қонақбаевты әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біз біріншілік барысында әр­түрлі қолайсыз жайттардың орын алмауы үшін барымызды саламыз. Әлбетте, доданың жаңа ережеге сай өтуі төрешілер үшін де, боксшылар мен олардың бапкерлері үшін де айта қаларлықтай қиындықтар мен күрделі сәттер әкелуі мүмкін. Дегенмен, қазақстандық төрешілер корпусының осы кезге дейін біраз сыннан өткен тәжірибелі мамандардан құралатынын еске ала отырып, олардың біліктіліктері ешбір сыр бермесіне сенгім келеді»,- дейді. Сұхбат «Әуесқой боксты үлкен өзгерістер күтіп тұр» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Парламент Мәжілісінде өткен халықаралық конференцияда еліміздің Бас прокуратурасы алғаш рет қазақстандық террористің жиынтық бейнесін суреттеп берді. Осы жиында Қаржы министрлігінің құрамындағы Қаржылық мониторинг комитетінің 200-дей ұйым мен тұлғаны терроризмді қаржыландыруға қатыстылыққа тексергендігі жарияланды. Тағы бір жаңалық: тек биылғы жылы ғана арнайы қызметтер 24 террактінің алдын алыпты! «Бүгінгі қазақстандық террорист кім? Бұл сұраққа өзіміздің ста­тистикаға жүгіне отырып, жауап бергім келеді. Сотталған терроршылардың 60%-дайы - 29 жасқа дейінгі адамдар. Басқаша айтқанда, террористер - жастардың өкілдері. Олардың барлығы дерлік, нақ­тырақ айтқанда, 95%-ы - жұмыссыздар. Осылайша Қазақстандағы терроршы­ның жиынтық портреті салынады: бұл - өмір­де өз орнын табуға ұмтылған, көбінесе жұмыссыз, оның үстіне білімі де, алда қан­дай да бір перспективалары да жоқ жас адамдар», - деді алқалы жиында сөз сөйлеген Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Мақала тақырыбы - «Бүгінгі қазақстандық террорист кім?».

2012 жылдың 8 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Рес­публикасы құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерін кезектен тыс аттес­таттаудан өткізу туралы» арнайы Жар­лыққа қол қойғаны белгілі. Осылайша, Елбасының тікелей тапсырмасы не­гізінде еліміздің тарихында алғаш рет құқық қорғау жүйесінің жаңа кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытында кең де ауқымды іс-шаралар бастау алған еді. Міне осы ретте кезектен тыс аттестаттау тиімділігін көрсетті ме деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Осы және басқа да сауалдарға «Айқын» газетінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков жан-жақты жауап берген. «Рас, елімізде күніне қаншама қыл­мыс тіркеледі, қанша адамның құқы тапталып жатыр? Осы заңсыздықтың барлығы жабулы күйінде қалмайды, дер кезінде ашылып, қаныпезерлер тиісті жазаға тартылуда. Бұл тұста по­лиция қызметкерінің арқалаған жүгі - ауыр, міндеті - салмақты. Бірақ неге екені беймәлім, көбіне-көп халық олардың шалыс басып, кем кеткен тұс­тарын ғана көрсетуді әдетке ай­налдырып алған», - дейді генерал-майор «Аттестаттау - үлкен сабақ қатал әрі әділ сын» деген тақырыппен берілген сұхбаты барысында.

***

«Литер» газетінің бүгінгі санында «В поисках доверия» деген тақырыппен жарияланған мақалада отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен күш-қуат құрылымдары арасында еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің бастамасымен өткен жиын жайында баяндалады. Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Марат Тажиннің пайымынша, күш-қуат құрылымдары мен журналистер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл ретте екі тараптан да зор кәсібилік талап етіледі.

Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 9 айында «Әділ сөз» қорының деректеріне сәйкес редакциялар мен БАҚ өкілдеріне 15 рет шабуыл жасалған.