Бұл туралы онлайн-брифингте ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Ведомство өкілі елдегі барлық оқу орындарын күзетпен қамту үшін штат санын көбейту қажет екенін айтты.
Тиісінше, оған бюджеттен қосымша қаражат бөлінуі тиіс.
«Біздің департамент тікелей күзет қызметі саласындағы мемлекеттік саясатпен айналысады. Сондықтан объектілердің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері қамтамасыз етеді деп айта аламын. Қазір мектеп қауіпсіздігін арнайы күзет бөлімшелерімен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп жатқан жоқ. Алайда, еліміздегі барлық оқу орындарын күзетпен қамту үшін штат санын ұлғайту қажет. Бұл бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етеді», — деп түсіндірді Серік Құспанов.
Сонымен бірге ол еліміздегі 3 298 мектеп пен 4 214 балабақшада лицензияланған күзет қызметі жоқ екенін мәлім етті.