«Respublica» партиясының тең төрағасы Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Оның кандидатурасы АП-ның сүзгісінен өткенін партия өкілдері растады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Берденов саясатқа дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. 2018 жылға дейін 282 дәріхананы біріктірген, Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық желіге басшылық етті. Өткенде осы Берденовтің компаниясы еліміздегі ең ірі «Marwin-Меломан» отбасылық дүкен желісін сатып алғаны белгілі болды.
Мәжілісте «Қаржы және бюджет» комитетінің құрамында болды. «Ойын бизнесінің есігіне құлып салайық» деген бастама көтеріп, әлгілерге қарсы ымырасыз күрес жүргізді.
«Құмар ойындар қаншама адамды құзға құлатты, олардың бюджетке төлейтін салығы халықтың көз жасынан құралған», — деген болатын Берденов.
Букмекерлер депутатты сотқа сүйрегенмен, онысынан түк шықпады. Партияластары Берденовтың букмекерге қарсы күресте үлкен қысымға ұшырағанын, соған қарамастан, принципінен таймағанын айтады.
Соның арқасында 25-ке толмаған, қаржылық және психологиялық тұрғыдан толық бекімеген азаматтардың бәс тігуіне шектеу енгізілді, сондай-ақ ойын бизнесінің жарнамасын ғимараттар мен ақпарат құралдарында насихаттауға тыйым салынды.
Шымкент әкімінің орынбасары қызметінде Берденов энергетика, жол, көлік, құрылыс және жер мәселесіне кураторлық етеді.