Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист өз ойымен желідегі парақшасында бөлісті.
«Томпи арнайы мектептің 1 сыныбына да, даярлық тобына да бармайтын болды. Қызыммен қатар кей балалар 1 сыныпты аяқтап жатыр. Бәрібір соларға қарап көзім жасқа, тамағым өксікке толып кетеді. Кем дүние ғой.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Астанада үш мектеп бар екен. Үшеуіне де кезек көп және үшеуі де оң жағалаудың шет жағында. Білесіздер, баланы мектепке тасу оңай емес. Әсіресе, таңертең кептеліс кезінде ерекше балаға стресс. Даярлық сыныбы тек біреуінде ашылуы мүмкін. Тамызда белгілі болады. Бұл — бір Астанадағы проблема, аймақтардың жағдайы түсінікті.
Ал, енді даярлыққа да, мектепке де бара алмайтын ерекше бала қайда барады? Агрессиясы бар кішкентайларға психиатр үйде оқытуға қорытынды жазып береді екен. Ал, менің қызым сияқты балалар коррекциялық түзету кабинеттеріне барып оқуы тиіс.
Мәселе осы жерден басталады. Коррекция кабинеттеріне кезек сұмдық. Былтыр жазда алған кезегіміз тура бір жылдан кейін, мамырда келуі тиіс. Оның өзінде күнде емес, аптасына 2-3 рет қана.
Былтыр ПМПК-дан жолдама алған 200 мың баланың қазір тек 8 мыңы ғана осындай орталыққа барып жүргенін депутат Таңсәуле Серіков өткенде “Ашық алаңда” айтты.
Сонда қалған 192 мың бала қайда? Шамасы жеткені ақылы орталықтарға апарады. Ол жерде бір маманның жарты сағаты 7 мыңнан басталады, баланы жарты күнге берсе, кемі 200 мың теңгеден жоғары. Оны тасу, бір адамның сол баламен айналысуы бөлек мәселе. Ал, ақшасы жоқ ата-ана баласын үйде қамап ұстап отыр деген сөз.
Мына мәселе шешілмесе болмайды. Жыл сайын көбейіп жатқан зпр, зпрр, аутист балаларды қоғамға бейімдеп, қазірден айналыспасақ, он жылдан кейін психорталықтар салуға тура келеді. Ащы шындық осы. Бұл — елдік мәселе, ұлттық трагедия», — деп жазды журналист.