Аида есімді елорда тұрғыны ұлының көзінше оңдырмай, өлімші етіп сабаған бұрынғы күйеуі жайлы бар шындықты жайып салды. Бетінен тепкілеп, шашынан жұлқылағаны өз алдына, түннің бір уағында балконға шығарып, үстіне суық су құйып азаптаған кездері де болған екен. Алайда баласын қорқытып алмайын деп, көп уақыт үндемей төзуіне тура келген. Шыдамы таусылған келіншек көпшіліктен көмек сұрады.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әлеуметтік желіні шулатқан бұл суреттер кімді болсын бей-жай қалдырмайтыны анық. Денесінің сау-тамтығы қалмаған бойжеткен «бұрынғы күйеуімнің қаһарынан қорқамын» деп дүйім жұрттан көмек сұрады.
Арудың есімі Аида. Жасы 23-те. Экс-жұбайын сонау мектеп кезінен таниды екен. Алғашқы махаббаты болған соң, сезімнің жетегіне еріп, оқуын бітіре сала шаңырақ көтереді. Дүниеге шекесі торсықтай ұлдары келеді. Алайда, арада жарты жыл өтпей, алғашқы ұрыстары да басталыпты. Қызғаныштан…
АИДА ЕРМЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
«Әуелі бетімнен жұдырықпен ұра бастады. Кейін қол-аяғымды жұлқылап, белімнен тепкілей жөнелді. Мен еденге құлап, бетімді жаптым. Сен кім үшін әдемі киініп, боянып жүрсің деп жынданды. Кейін жартылай жалаңаш күйімде балконға шығарып, үстімнен суық су құйды. Балам оянып кетпеуі үшін үндемей шыдам тұруыма тура келді»
Шыдады. Үш жылға жуық уақыт езгіге төзіп келді. «Жұрттан ұят болады, балаға обал болады» деген сарындағы ойлар мазалап жүрген. Алайда шыдамның да шегі бар. Бір күні ажырасуға бел буады. Бірақ, экс-күйеуі бұған одан бетер ашуланған. Баласын көруге келген сайын, анасын жұдырық астына алады екен.
АИДА ЕРМЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
«Бұрынғы күйеуім маған кек қайтара ма деп қорқамын. Өйткені арыз жазғаннан кейін мені және туысқандарымды бернеше рет қорқытқан. Абайлап жүріңдер деп қоқан-лоқы көрсетіп келеді.»
Экс-жұбайы жұмыссыз. Осыған дейін әйелінің мойнында отырып келген екен.
РАУШАН БАЙМҰРАТОВА, АИДАНЫҢ АНАСЫ:
«Мен қызымды көрген кезде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Денесінің бәрі көгеріп, көзі ісіп, қол-аяғы қанаған. Егер ол сол кезде қашып кетпегенде, Құдай сақтасын, қазір қызым аман болар ме еді? Алматыдағы Аяжанның оқиғасы қайталанып кетуі әбден мүмкін еді».
Қазір Аида экс-күйеуінің үстінен арыз жазып, сотқа берген. Қалалық полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғапты. Қазір ол үй қамауында отыр. Күдікті бұған дейін «бұзақылық» бабы бойынша сотталған екен.
ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Факт бойынша 24 жастағы қала тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Бұл іс бойынша ҚР ҚК 110 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. +0826 Сонымен қатар, қорғау нұсқамасы шығарылды. Яғни 30 күннің ішінде әйелге жақындауға немесе басқа да бір әрекет жасауға заң бойынша тыйым салынған»
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе айыппұл төлеп құтылуы да мүмкін. Ал Аиданың өзі қазір психологтар мен дәрігерлердің қарауында. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.