«Журналистер қашан да тарихтың алғы шебінде еңбек етеді. Олар оқиғалардың түйінін шешіп, белгілі бір пішін-қалыпқа келтіру арқылы бізге өмірді оқиғалар мен деректердің тізбе-хабары түрінде қабылдауға мүмкіндік береді. Олар бұл істе сөздер мен бейнелерді қару етіп қолданады. Журналистердің басты ұстаным — кредосы — ой-лебізін еркін білдіру. Журналистердің жұмысы баршымызды, жекелеген адамдар мен жалпы қоғамды күш-қуатпен қаруландырады»,- делінген жолдауда.
К.Аннан өз жолдауында көптегн журналистер қуғын-сүргін мен қудалауға ұшырайтынын, «оларды абақтыға тоғытып, өлтіретінін» атап өтті. Журналистерді қорғау жөніндегі комитеттің мәліметіне сәйкес, 2004-жылы қызмет бабындағы міндетін атқару барысында 56 журналист өлім құшып, 19 журналист ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Олар тірі деген сенім қазір жоқ. Тағы 124 журналист қамауда отыр.
«Осындай жайттарды ескере отырып біз бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күніне орай түрлі қауіп-қатерлерден құрбан болған осынау кәсіп иелерінің рухына бас иеміз. Біз ақиқатты іздеп тауып адамдардға жеткізу құқығын жүзеге асыру үшін қауіп-қатер мен қасақана жасалатын қаталдықтарға қарамастан басын бәйгеге тігіп, аянбай күресетін өз ісіне деген адалдығы мен батылдығы үшін журналистерді құрмет тұтамыз. Біз «ақпарат пен идеяларды қолда бар мүмкіндіктерін сарқа іздеп табу және оны тарату құқығы» Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияның 19-бабында заңдастырылғанын» барлық үкіметтердің қаперіне саламыз. «Цензура, ақпаратты жасыру, қорқытып-үркіту мен қарсылық білдіру — демократияға қарсы тұруды меңзейді, мұндай әрекеттер — даму жолындағы тосқауыл әрі адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіру болып табылады»,- деді БҰҰ бас хатшысы.
Жолдауда атап көрсетілгеніндей, 2005-жылы БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаменті «Төзімсіздіктен бас тарту» циклі аясындағы үшінші семинарды ұйымдастырмақшы. Онда «бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өшпенділікті насихаттау» мәселесі басты назарға алынады. Семинарда бұқаралық ақпарат құралдары нәсілшілдік пен ксенофобия отын өршітуден қорғануды қалай қамтамасыз етіп, адамдарды төзімділік пен өзара түсіністік рухында тәрбилеуге қалай түрткі бола алады деген мәселе жан-жақты зерттеледі.
«Баспасөз бостандығы — баршамыздың бостандығымыз бен тәуелсіздігіміздің аясын кеңейтуде алдағы уақытта да басты роль атқара береді. Сол себепті бүгін, бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күнінде өзіміздің осынау ажырамас адам құқығын қолдайтынымызды, оны іске асыру үшін ұжымдық негіздегі күресті демейтінімізді тағы бір дәлелдейік»,- деп үндеді К.Аннан.